Медициналық-әлеуметтік сараптамадан (МӘС) өту үшін құжаттарды қалай дұрыс дайындау керек

Медициналық-әлеуметтік сараптамадан (МӘС) өту үшін құжаттарды қалай дұрыс дайындау керек

Құжаттарды дұрыс дайындау үшін бірнеше негізгі кезеңнен өту қажет.

 

1-қадам. Емханаға жүгіну

  1. Тіркелген жеріңіз бойынша учаскелік дәрігердің қабылдауына жазылыңыз.
  2. Дәрігер медициналық тексеру жүргізіп, денсаулық жағдайын, диагнозды және организм функцияларының бұзылу дәрежесін бағалайды.
  3. Қажет болған жағдайда дәрігер талдаулар, диагностикалық зерттеулер және бейінді мамандардың консультацияларын тағайындайды.

2-қадам. Тексеруден өту және ДКК

  1. Тағайындалған клиникалық, зертханалық және аспаптық зерттеулерден өтіңіз.
  2. Дәрігерлік-консультациялық комиссиядан (ДКК) өтіңіз. Жүргізілген зерттеулердің нәтижелері мен медициналық құжаттарды медициналық ұйымның мамандары қарайды.
  3. Тиісті негіздер болған жағдайда № 031/у нысаны бойынша медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдама қорытындысы рәсімделеді.

3-қадам. Медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту

 

Сырттай куәландыру

Сырттай куәландыру кезінде, яғни азаматтың жеке қатысуынсыз, аумақтан тыс МӘС сарапшылары ұсынылған медициналық мәліметтер мен құжаттарды қарайды және сараптамалық шешім қабылдайды.

Сараптама нәтижесі туралы азаматқа 1414 нөмірінен SMS арқылы хабарлама жіберіледі. Қызметті электрондық үкімет порталы арқылы да алуға болады.

 

Көзбе-көз куәландыру

Көзбе-көз куәландыру кезінде азамат сараптама жүргізілетін белгіленген орын мен уақытта МӘС бөлімшесіне келуі қажет.

МӘС мамандары куәландыру жүргізіп, тиісті сараптамалық шешім шығарады.

МӘС-тен өту үшін қажетті негізгі құжаттар

 

Медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту үшін мынадай құжаттар қажет:

  • куәландырылатын азаматтың немесе оның заңды өкілінің жеке басын куәландыратын құжат;
  • емдеуші дәрігер мен тіркелген жері бойынша медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясы (ДКК) рәсімдеген № 031/у нысаны бойынша МӘС-ке жолдама қорытындысы;
  • медициналық құжаттар: талдау және зерттеу нәтижелері, мамандардың қорытындылары, стационардан берілген үзінді көшірмелер және организм функцияларының тұрақты бұзылуын растайтын басқа да құжаттар;
  • еңбекке қабілетті жастағы азаматтар үшін, алғашқы куәландыру кезінде белгіленген жағдайларда, еңбек қызметін растайтын құжат;
  • жұмыс істейтін азаматтар үшін, болған жағдайда, уақытша еңбекке жарамсыздық парағы.

Маңызды: № 031/у нысаны бойынша МӘС-ке жолдама қорытындысының жарамдылық мерзімі оған қол қойылған күннен бастап бір айдан аспайды.

 

Қорытынды

Азаматтарға қажетті құжаттардың нақты тізбесін медициналық ұйымнан алдын ала нақтылап алу ұсынылады.

Медицина қызметкерлері ұсынылған мәліметтердің толықтығы мен белгіленген талаптарға сәйкестігін мұқият тексеруі маңызды.

Дұрыс әрі сапалы дайындалған құжаттар медициналық-әлеуметтік сараптаманы объективті жүргізудің және негізделген сараптамалық шешім қабылдаудың маңызды негізі болып табылады.