Мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және Қолжетімділік картасын дамыту

Мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және Қолжетімділік картасын дамыту

Әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Негізгі міндет – әрбір адамның денсаулық жағдайына қарамастан мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді кедергісіз алуына, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт ұйымдарына және басқа да әлеуметтік маңызы бар объектілерге еркін баруына жағдай жасау.

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы ашықтықты арттыру және азаматтар, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталын (бұдан әрі – Портал) әзірледі.

Порталдың негізгі мақсаты – мүгедектігі бар адамдарға объектінің қолжетімділігі туралы ақпарат беру және адамның жеке физикалық ерекшеліктерін ескере отырып, осы объектіге бару туралы шешім қабылдауына мүмкіндік жасау.

Порталдағы объектілер жергілікті атқарушы органдар тарапынан белгіленген алты критерий негізінде енгізіледі және өзектендіріледі: кіреберіс тобы; қозғалыс жолдары; қызмет көрсету аймағы; санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар; ақпараттандыру және телекоммуникация құралдары; объект аумағы.

Осы критерийлерге сәйкес объектілердің қолжетімділігі бағаланады және төрт санат бойынша айқындалады: қолжетімді, ішінара қолжетімді, қолжетімсіз және мәліметтер жоқ.

Сондай-ақ Порталдың «Мекенжайлар тіркелімі» ақпараттық жүйесімен интеграциясы жүзеге асырылды, бұл мекенжай деректерінің дұрыс болмау жағдайларын болдырмауға мүмкіндік береді.

Портал арқылы мүгедектігі бар адамдар Қазақстан бойынша бейімделген объектілер туралы ақпаратты қарай алады. Тіркелген пайдаланушыларға объектілердің бейімделу сапасын бағалау, сондай-ақ пікірлер қалдыру және фотосуреттер жүктеу мүмкіндігі ұсынылған.

Портал деректерді жаңарту процесін автоматтандырады және объектілердің бейімделу деңгейі туралы нақты уақыт режимінде ақпарат алуға, сондай-ақ жүргізіліп жатқан бейімдеу жұмыстарының сапасын бағалауға мүмкіндік береді.

Интерактивті картадағы «Объектілерді іздеу» бөлімінде «Санаторийлер» атты жеке санат енгізілген. Аталған санатты таңдаған кезде 168 санаторий-курорттық ұйым көрсетіледі, оның ішінде 114 ұйым (немесе 67%) Әлеуметтік қызметтер порталының өнім берушілері болып табылады.

Санаторийлерді іздеу Қазақстан бойынша толық немесе таңдалған облыс, аудан, объектінің атауы немесе мекенжайы бойынша жүзеге асырылады.

Сонымен қатар санаторийлерді мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділігі бойынша: көру қабілеті бұзылған, есту қабілеті бұзылған, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға, сондай-ақ кресло-арбамен жүріп-тұратын адамдарға арналған объектілер ретінде қарау мүмкіндігі қарастырылған.

Санаторий-курорттық ұйымды таңдаған кезде объектінің қолжетімділігі туралы мәліметтер, сондай-ақ Әлеуметтік қызметтер порталымен интеграция арқылы алынған ақпарат көрсетілетін объект карточкасы ашылады:

-   жалпы төсек-орын саны;

-  ағымдағы күнге санаторий-курорттық ем қабылдап жатқан мүгедектігі бар адамдар саны;

-   санаторийлік-курорттық ем алуға тапсырыс берген және кезекте тұрған мүгедектігі бар адамдар саны.

Сонымен қатар Интерактивті картада әлеуметтік, көліктік және өзге де инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділігін бағалау бойынша баланс ұстаушыларға арналған онлайн-сауалнама енгізілген. Сауалнамадан өткеннен кейін баланс ұстаушыға объектінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және анықталған талаптарға сәйкессіздіктерді жою бойынша ұсынымдар беріледі.

Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінің қабылдануына байланысты 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері жаңадан пайдалануға берілетін объектілердің мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларацияны келісуді жүзеге асыратын болады. Бұл объектілерді қабылдау кезеңінде қолжетімділік талаптарының сақталуын бақылауды қамтамасыз етуге, құрылатын инфрақұрылым сапасын арттыруға және жаңа кедергілердің пайда болуына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік бөлігінде келісілген объектілер Қолжетімділік картасына енгізілетін болады.

«Amanat» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған Жол картасын орындау мақсатында Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген барлық объектілерді бейімдеу жоспары бекітілді. Жыл сайын картаға енгізілген объектілердің 20%-ын бейімдеу қажет (2023 ж. – 20%, 2024 ж. – 40%, 2025 ж. – 60%, 2026 ж. – 80%, 2027 ж. – 100%).

«Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталының Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген объектілердің жалпы саны 42 897 болған жағдайда, 2026 жылдың соңына дейінгі жоспар 80% немесе 34 318 объектіні құрайды.

Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша 2026 жылғы              1 маусымдағы жағдайға сәйкес 30 314 объекті бейімделген, бұл Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген объектілердің 71%-ын құрайды.

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы заңнама талаптарын сақтау мақсатында Министрліктің аумақтық департаменттері бекітілген тексеру жоспарларына, сондай-ақ келіп түскен шағымдар мен өтініштер негізінде еліміздегі объектілерде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бақылау жүргізеді (пандустар, көтергіш механизмдер, кіреберіс топтары, мүгедектігі бар адамдарға арналған автотұрақ орындарын орнату, көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған ақпараттық материалдарды орналастыру, санитариялық-тұрмыстық үй-жайларды жабдықтау және т.б.).

Бұл ретте жұмыс тек сандық көрсеткіштерге қол жеткізуге ғана бағытталмағанын атап өткен жөн. Негізгі назар объектілерді бейімдеу сапасына аударылады. Қолжетімді орта мүгедектігі бар адамдардың өздігінен және қауіпсіз қозғалу мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс. Бұл ыңғайлы кіреберіс топтарының, пандустардың, санитариялық бөлмелердің, лифттердің, мүгедектігі бар адамдарға арналған автотұрақ орындарының, тактильді көрсеткіштердің және кедергісіз ортаның өзге де элементтерінің болуын қамтиды.

Қолжетімді ортаны қалыптастыру – бұл тек заңнама талаптарын орындау ғана емес. Бұл әрбір азаматтың қоғам өміріне толыққанды қатысуына, білім алуына, еңбек етуіне, медициналық көмек пен мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алуына жағдай жасау. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда және мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.