Мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдарын ұсынудың қайтарымды тетігін іске асыру

Мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдарын ұсынудың қайтарымды тетігін іске асыру

Ағымдағы жылы әлеуметтік қызметтер порталы арқылы оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету тетігін жетілдіру жоспарлануда.

Мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдарын уақытша беру, сараптама жүргізу және құралдарды қайтару бойынша жаңа тәсілді енгізу көзделіп отыр.

Қазіргі таңда қолданыстағы жүйе оңалтудың техникалық құралдарын қайтарымсыз негізде беруге құрылған және құралдардың нақты жағдайы мен тозу деңгейін ескермейді. Құрал бұзылған жағдайда оны жөндеу мүмкіндігі қарастырылмаған. Сонымен қатар, пайдаланушының нақты қажеттілігі мен антропометриялық көрсеткіштеріндегі өзгерістер де есепке алынбайды.

Осыған байланысты оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етудің жаңа тетігі енгізілуде. Оның аясында мыналар көзделген:

-оңалтудың техникалық құралдарын жеке іріктеу және пайдалану мәселелері бойынша консультация беру;

-оңалтудың техникалық құралдарын уақытша пайдалануға беру;

          -ауыстыру мерзімі аяқталғаннан кейін техникалық құралдарды қайтару;

-Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы филиалдарының базасында комиссия арқылы оңалтудың техникалық құралдарына әлеуметтік-техникалық сараптама жүргізу;

-сараптама мен бағалау нәтижелері бойынша техникалық құралдарды жөндеу және кейіннен қайта пайдалану немесе есептен шығару.

Сонымен қатар, оңалтудың техникалық құралдарының нақты жағдайы мен адамның жеке қажеттіліктері негізінде шешім қабылдауға, сондай-ақ пайдаланушыларға техникалық сүйемелдеу көрсетуге мүмкіндік беретін әлеуметтік-техникалық сараптама қызметі енгізілуде. Ұлттық ғылыми орталық филиалдарындағы бұл қызмет құрамына бейінді мамандар (физикалық медицина және оңалту дәрігері, әдіскер және техник) кіреді.

Қайтарылған техникалық құралдар сараптамалық бағалаудан өтеді. Оның нәтижелері бойынша жөндеу, ауыстыру, қайта пайдалану немесе есептен шығару туралы шешім қабылданады.

Мысалы, мүгедектігі бар адам ауыстыру мерзімі аяқталғаннан кейін оңалтудың техникалық құралын қайтаруға жүгінеді. Сараптама барысында ақаулар анықталған жағдайда құрал жөндеуге жіберіледі. Әрі қарай пайдалануға жарамды құралдар жаңа құралға тапсырыс беру кезеңінде үздіксіз қамтамасыз ету үшін уақытша пайдалануға қайта беріледі. Егер құрал жарамсыз деп танылса, ол есептен шығарылады, ал өтініш берушіге портал арқылы жаңа құрал тағайындалады.

Басқа жағдайда, ауыстыру мерзімі келмей тұрып техникалық құрал бұзылған кезде, мүгедектігі бар адам әлеуметтік-техникалық сараптама қызметіне жүгінеді. Алдымен ұсақ жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қажет болған жағдайда комиссия техникалық құралды бағалау үшін әлеуметтік-техникалық сараптама өткізеді. Бағалау нәтижесі бойынша жөндеу жүргізіліп, құрал кейін қайта қолданылады.

Егер бағалау қорытындысы бойынша техникалық құрал жарамсыз деп танылса, ол есептен шығарылады. Одан кейін бұл адамға жалға беру пунктінің қорынан уақытша пайдалануға жарамды техникалық құрал беріледі. Бұл қор басқа мүгедектігі бар адамдардан қабылданған (өңдеуден және жөндеуден кейінгі) жарамды техникалық құралдар есебінен қалыптастырылады.

Осылайша, қайтарымды модель өңірлерде оңалтудың техникалық құралдарының қолжетімділігін арттыруды қамтамасыз етеді.

Бұл тетік, мысалы, адамды жөндеу кезеңінде немесе уақытша қажеттілік туындағанда, яғни ОТҚ жеткізілуін күту кезінде ұзақ рәсімдерді күтпей-ақ техникалық құралдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл шешімдердің негізділігін арттырып, алушылардың мүдделерін қорғайды.

Осылайша, ОТҚ-ны қайтару тетігін енгізудің күтілетін нәтижелері:

1.мүгедектігі бар адамдарға консультациялық қолдаудың қолжетімділігі;

2.оңалтудың техникалық құралдарын жеке іріктеу;

3.техникалық сүйемелдеудің және ОТҚ пайдалану мерзімін ұзартудың қолжетімділігі;

4.оңалтудың техникалық құралдарымен үздіксіз қамтамасыз ету және күту мерзімдерін қысқарту;

5.оңалтудың техникалық құралдарын ұсыну, пайдалану және тиімділігін мониторингтеудің жүйелі тәсілін қалыптастыру;

6.оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету жүйесінің ашықтығы мен басқарылуын арттыру (қайтару тетігі тауарды қолма-қол ақшаға айналдыру фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді).

 

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы

бақылау бөлімінің басшысы

Құдайбергенова Арайлым Дәуренбекқызы