Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және оларды әлеуметтік қорғау – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аумақтық бөлімшесі болып табылатын Ақмола облысы бойынша Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің қызмет бағыттарының бірі – медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі – МӘС) жүргізу арқылы мүгедектікті белгілеу, еңбекке қабілеттілігін жоғалту дәрежесін айқындау және әлеуметтік қорғау шараларына қажеттіліктерді анықтау бойынша мемлекеттік қызмет көрсету.
Қазіргі таңда Ақмола облысында 29 864 (шамамен 30 мың) мүгедектігі бар адам (бұдан әрі – МБА) тіркелген, бұл облыс халқының 3,4%-ын құрайды.
Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, пациентті МӘС-ке дайындау және жолдау мәселелері оның тіркелген жері бойынша медициналық ұйымның емдеуші дәрігері мен дәрігерлік-консультациялық комиссиясының құзыретінде. Тиісінше, МӘС-ке жолдау кезінде медициналық құжаттаманың уақтылығы, дұрыстығы және толықтығы үшін жауапкершілік соларға жүктеледі.
Мүгедектікті белгілеу қызметінің сапасы мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында денсаулық сақтау жүйесі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелері интеграцияланды.
Денсаулық сақтау ақпараттық жүйесінен құжаттар мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған деректер базасының ақпараттық жүйесіне түскеннен кейін, пациентке куәландырудан өту қажеттігі туралы SMS хабарлама жіберіледі.
Министрліктің стратегиялық жоспарына сәйкес, медициналық-әлеуметтік қызметті жаңғырту аясында мүгедектікті белгілеу үшін куәландыру екі форматта жүргізіледі: күндізгі және сырттай (проактивті).
Сырттай-проактивті формат мемлекеттік қызметтің ашықтығын, қолжетімділігін және сапасын арттыру, сондай-ақ азаматтардың түрлі инстанцияларды аралауын және қағазбастылықты азайту мақсатында енгізілді.
Сырттай-проактивті форматта мүгедектікті белгілеу қызметін көрсету мынадай мүмкіндіктер береді:
Сырттай форматта куәландыру қызмет алушының жеке қатысуынсыз, электрондық форматта түскен медициналық құжаттар негізінде, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау арқылы жүзеге асырылады.
Сырттай куәландыру экстерриториялық қағидат бойынша, яғни пациенттің медициналық құжаттарын басқа өңірлердің қарауы арқылы жүргізіледі.
Осылайша, мүгедектік тобын белгілеудің негізі бұрынғыдай медициналық модель болып қала береді. Ағза функцияларының бұзылу дәрежесін және әлеуметтік көмекке мұқтаждықты анықтау үшін пациенттің денсаулық жағдайы туралы нақты медициналық деректер қажет. Демек, мүгедектік тобын дұрыс белгілеуде МӘС-ке жолданатын медициналық деректердің сапасы аса маңызды. Сырттай модельге көшу бұл рөлді одан әрі күшейтеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің маңызды міндеттерінің бірі – әлеуметтік әділдік пен мемлекеттік көмектің атаулылығын қамтамасыз ету: қолдау шаралары тек шын мәнінде мұқтаж азаматтарға ғана ұсынылуы тиіс, сонымен қатар негізсіз тағайындау фактілеріне жол берілмеуі қажет.
Мемлекет мүгедектігі бар адамдарды қолдауға қомақты қаражат бөледі, және біздің міндетіміз – бұл қаражаттың заңнамаға сәйкес шынымен мұқтаж азаматтарға жетуін қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті және оның аумақтық департаменттері мүгедектікті белгілеудің, еңбекке қабілеттілігін жоғалту дәрежесін айқындаудың және әлеуметтік қолдау шараларын тағайындаудың негізділігіне тұрақты түрде жүйелі мониторинг жүргізеді.
Өкінішке қарай, МӘС-ке түсетін медициналық құжаттарды мониторингтеу барысында елеулі бұзушылықтар анықталды. Бірдей медициналық қорытындыларды пайдалану фактілері тіркелген. Бұл әртүрлі пациенттерге құжаттардың іс жүзінде «көшірме» ретінде рәсімделгенін білдіреді: талдау нәтижелері, анамнез деректері және профильдік мамандардың қорытындылары толық сәйкес келген, тек күндері мен жеке деректері ғана өзгертілген.
Аталған фактілер мүгедектікті заңсыз белгілеу мақсатында медициналық құжаттарды қолдан жасау белгілерін көрсетеді. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы бойынша осындай 151 жағдай анықталды. Біздің облыс бойынша әзірге мұндай бұзушылықтар тіркелген жоқ.
Мұндай фактілер құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмайтынын атап өткіміз келеді. Тексеру жалғасуда және министрліктің қатаң бақылауында.
Мемлекет әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу және алдау әрекеттерінің кез келгенін қатаң түрде тоқтатуды жалғастырады.
Медициналық әлеуметтік сараптаманың Аймурзинова К. Ж.
әдіснама және бақылау бөлімінің басшысы