Зейнетақы жинақтарының жеткіліктік шегін айқындау әдістемесін қайта қарау

Зейнетақы жинақтарының жеткіліктік шегін айқындау әдістемесін  қайта қарау

Зейнетақы жинақтары ең алдымен адамның зейнетке шыққаннан кейін тұрақты табыспен қамтамасыз етілуіне арналған. Мемлекеттің міндеті – азаматтарға қартайған шақта қаржылық тұрақтылық пен лайықты төлемдерге кепілдік беру. Бұл әсіресе жас қазақстандықтар үшін маңызды, өйткені олардың болашақ зейнетақысы мемлекеттік базалық зейнетақыдан және зейнетақы жарналары есебінен қалыптасатын жинақтаушы бөліктен тұрады.

Бүгінде қолданыстағы ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесі осы шектен асатын жинақтардың бір бөлігін алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте ол жас адамның алдағы уақытта міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты түрде аударып, зейнет жасына дейін ең төменгі зейнетақыға жеткілікті соманы жинайды деген болжамға негізделген. Алайда бұл модель әрдайым нақты өмірлік жағдайларды ескере бермейді – адамның зейнет жасына дейін тұрақты жұмысы мен табысы бола ма, жоқ па деген мәселе ашық күйінде қалады.

Дәл осы себепті ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесін қайта қарау туралы шешім қабылданды. Ұсынылып отырған өзгерістердің негізгі мәні – азамат бүгін жинақтарының бір бөлігін пайдаланған жағдайда да, болашақта лайықты зейнетақы алу үшін жеткілікті қаражат көлемін сақтап қалуын қамтамасыз ету.

Мысалы, 46 жастағы салымшының зейнетақы жинақтары 11 млн теңгені құрайды делік. Қолданыстағы шек 7,8 млн теңге болғандықтан, ол бүгін 3,2 млн теңгені ала алады. Бұл жағдайда оның БЖЗҚ-дан алатын зейнетақысы небәрі 42 мың теңгені құрайды.

Ал егер ол осы артық жинақтарын қазір алмаса, болашақта алатын зейнетақысы шамамен үш есеге жоғары болады.

Шекті мәндердің ұлғаюы соңғы үш жыл ішінде ең төменгі жеткіліктілік шегінің қайта қаралмағанымен де байланысты.

Жаңа есептеу әдістемесі неғұрлым дәл әрі экономикалық тұрғыдан негізделген, яғни актуарлық тәсілге сүйенеді. Ол күтілетін өмір сүру ұзақтығын, инвестициялық табыстылықты және болашақ зейнетақы төлемдерінің мақсатты деңгейін ескереді. Өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың болашақта лайықты зейнетақымен қамтамасыз етілуі.

          Маңыздысы – зейнетақы жинақтары кез келген уақытта ағымдағы шығындарға жұмсай салатын депозит емес. Мемлекет азаматтардың ұзақ мерзімді мүдделерін жүйелі түрде қорғайды, әрбір адамның қартайғанда өзін қаржылық тұрғыдан сенімді сезінуі үшін жағдай жасайды. 

          Бөлім басшысы          Назипа Ирбатыровна Салингреева