Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін қызметкерлер үшін арнайы әлеуметтік төлем

Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін қызметкерлер үшін арнайы әлеуметтік төлем

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін қызметкерлер үшін арнайы әлеуметтік төлем енгізілді.

Бұл төлемді алу үшін қызметкер:

55 жасқа толуы және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 7 жыл (84 ай) төленген болуы қажет.

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге арнайы әлеуметтік төлем төрт көзден қаржыландырылады және 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың мөлшері келесі мөлшерді құрайды:

- Республикалық бюджеттен – күнкөріс деңгейінің шамасынның 2 еселенген мөлшерінде (2 × 50 851 = 101 702 теңге);

- Өмірді сақтандыру компанияларынан – күнкөріс деңгейінің шамасынның 1 еселенген мөлшерінде (50 851 теңге);

- Жұмыс берушінің қаражаты есебінен – күнкөріс деңгейінің шамасынның 1 еселенген мөлшерінде (50 851 теңге);

- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) – қызметкердің жинақталған зейнетақы қаражатын ескере отырып.

Бұрын жағдайлары зиянды жұмыстарда істегендер үшін, егер адам қазір зиянды жағдайда жұмыс істемесе, бірақ міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 7 жыл төленген, 55 жасқа толған болса, онда төлем екі көзден жүзеге асырылады мемлекеттен және БЖЗҚ-дан.

Қызметкер бұл төлемдерді зейнет жасына жеткенге дейін алады.

Зейнетақы тағайындалғаннан кейін төлем тоқтатылады.

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлер жәрдемақыны тағайындау үшін жұмыс берушіге зиянды факторлар әсерінсіз басқа жұмысқа ауыстыру туралы немесе еңбек шартын бұзу туралы өтініш береді. Одан кейін жұмыс беруші қызметкердің жұмыстан шығуы немесе жеңіл жұмысқа ауысуы туралы мәліметті ақпараттық жүйеге енгізеді, қызметкер үшін сақтандыру компаниясымен зейнеталды аннуитет шартын жасайды. Осы шарт жасалғаннан кейін республикалық бюджеттен төлем тағайындау туралы шешім қабылданады. Қалған үш көз бойынша шешім автоматты түрде қалыптастырылады.

Арнайы әлеуметтік төлем проактивті қызмет арқылы, яғни өтініш бермей-ақ тағайындалады.

Сондықтан да қызметкердің телефон нөмірі порталға тіркелген болуы міндетті.

Сонымен қатар қызметкер міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының 7 жыл (84 ай) төленгеніні туралы ақпаратты еңбек ресурстары порталындағы жеке кабинеттен, немесе Халыққа қызмет көрсету орталығынан (ХҚКО) тексере алады.

Қазіргі уақытта облысымызда арнайы әлеуметтік төлем 1 341 адамға тағайындалған. Оның ішінде: 4 көзден – 1 069 адам, 2 көзден – 272 адам алады.