Меню
Страницы
Департамент туралы
Қызметі
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Все материалы
09 января 2025
С. Жақыпова Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Еңбек министрлігі жоспарлаған іс-шаралар туралы хабарлады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ҚР Үкіметінің отырысында Мемлекет басшысының Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында 2025 жылға жоспарланған іс-шаралар кешені туралы айтты.

Министр сөз басында жұмысшы мамандықтары қазақстандық еңбек нарығының негізі болып қала беретінін атап өтті. 4,8 миллион адам немесе барлық жұмыс істейтін азаматтың 52%-ның кәсіптік немесе техникалық білімі бар. Бұл 2,3 миллионға жуық адам, олар 2,2 мың жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді. Мұндай мамандарға деген жоғары сұраныс көптеген бос жұмыс орындарымен расталады – өткен жылы 270 мыңнан астам бос жұмыс орнын құрады. Жұмысшы кадрлар көлік, сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда көбірек сұранысқа ие.

«Актуарлық модельдер негізінде әзірленген болжамдарымыз алдағы жылдары жұмысшы кадрларға деген қажеттілік тек арта түсетінін көрсетеді. Алдағы 6 жылда кадрларға жиынтық сұраныс 1,6 млн адам деп жоспарлануда, оның ішінде кәсіптік-техникалық білімі бар жұмыскерлерге жартысынан астамы тиесілі, олардың 400 мыңға жуығы жұмысшы мамандықтары болып табылады. Оларға мамандандырылған техниканың жүргізушілері, сантехниктер, дәнекерлеушілер, құрылыс мамандықтары мен техникалық бағыттағы жұмысшылар жатады», – деді Светлана Жақыпова.

Оның айтуынша, кадрларды даярлауды, оның ішінде жұмысшы мамандықтарды тиімді жоспарлау мақсатында жобалардың Инновациялық навигаторы әзірленген.

«Платформа қазірдің өзінде кадрларға деген қажеттілікті болжауға, сондай-ақ еңбек нарығының сұраныстарын ТжКБ ұйымдарында мамандар даярлаумен үндестіруге мүмкіндік береді.

Жұмыс орындарын құру көрсеткіштері, еңбекақы қорының мөлшері, жалақыны уақтылы төлеу және әлеуметтік аударымдар негізінде біз жобалардың тиімділігін бағалауды жүзеге асыра аламыз. Бүгінде 150 мың жұмыс орнын құратын 755 инвестициялық жобаға мониторинг жүргізілуде», – деді Светлана Жақыпова.

Министр талдау барысында әртүрлі өңірдегі еңбек нарығының қажеттіліктері мен колледж студенттерінің (ТжКБ) нақты түлектері арасындағы елеулі алшақтық анықталғанын атап өтті. Ең үлкен алшақтық құрылыс саласында және өнеркәсіпте байқалады. Сонымен қатар, кадр тапшылығының өңірлер бойынша біркелкі бөлінбеуі байқалады.

«Біз сондай-ақ Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялауды аяқтадық және олардан деректер түскеннен кейін кадрларды даярлауды мемлекеттік бюджет есебінен іске асырылатын жобалармен үндестіре аламыз», – деп толықтырды Еңбекминінің басшысы.

Кадрларды даярлау сапасын қамтамасыз ету үшін жұмысшы кәсіптері бойынша 1,6 мың кәсіптік стандарт жаңартылды. Олардың негізінде білім беру бағдарламаларының 87 % жаңартылды. Еуроодақ елдерінің стандартын қолдана отырып, 12 мыңнан астам дағдыларды қамтитын Электрондық дағдылар банкі құрылды.

«Осы жылы тағы 100 кәсіптік стандарт әзірленіп, жаңартылуда.

Біліктілікті тануды бағалау 4 тәуелсіз орталықтың базасында басталды. Биыл біз осындай тағы 5 орталықты, оның ішінде халықаралық стандарттар бойынша 2 орталықты ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Светлана Жақыпова.

Кәсіби мансапты таңдау және өзінің мансаптық траекториясын басқару үшін «Мансап компасы» жобасы іске асырылуда.

Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кәсіптік оқыту және жұмыс орнында оқыту белсенді дамып келеді. Биыл 12 мыңға жуық адам осындай курстардан  өтеді.

Студенттердің практикалық дағдыларды игеруі үшін Электрондық еңбек биржасында өндірістік практикадан өту орнын табуға мүмкіндік беретін функционал іске қосылды. 

Онлайн оқыту платформасында бүгінде 643 курс қолжетімді, 410 мың адам оқытылды.

Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес тәлімгерлік институтын дамыту, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу және оқушылары мен ТжКБ студенттерін жұмыс іздеу мен жұмысқа орналастыру дағдыларына оқыту көзделген.

Еңбекминінің басшысы жұмыскерлердің құқықтарын қорғауды күшейту үшін ведомство әлеуметтік әріптестермен бірлесіп іске асыратын шаралар туралы да айтты.

  1. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы цифрлық мониторинг арқылы өндірістік жарақаттанудың алдын алу тетіктерін жетілдіру, кәсіпорындарға тәуекел класын бере отырып, кәсіптік тәуекелдерді интегралды бағалауды енгізу, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға және мамандандырылған ұйымдарға жауапты адамдарды оқытуға және олардың білімін тексеруге қойылатын талаптарды күшейту.

«Сонымен қатар біз еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту мәселесін қарастыруды жоспарлап отырмыз», – деп қосты Светлана Жақыпова.

  1. Еңбек қатынастарының ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету үшін жұмыс берушілердің штат кестесін орналастыруын, еңбек және ұжымдық шарттар жасасу рәсімдерін электрондық форматқа ауыстыруды көздейтін еңбек қатынастарын декларациялау тетіктерін енгізу жоспарлануда.
  2. Халықаралық еңбек ұйымымен ынтымақтастық шеңберінде заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды көздейтін лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары іске асырылатын болады.

«Өткен жылы біз халықаралық стандарттарды ескере отырып, ең төмен жалақы мөлшерін белгілеу әдістемесін бекіттік. Биыл Халықаралық еңбек ұйымының «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы» № 131 Конвенциясын ратификациялауды жоспарлап отырмыз.

Айтылған шараларды іске асыру үшін ХЕҰ-ның жобалық кеңсесі құрылады, оның жұмыс бағыттары айқындалып қойған», – деп хабарлады Светлана Жақыпова.

Сөз соңында ведмство басшысы соңғы жылдары Министрлік азаматтарды және еңбек саласындағы бизнесті қолдаудың дамыған жүйесін құрғанын атап өтті. Ол көптеген онлайн қызметтерді біріктіреді және жұмыс іздеуден және өндірісте қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бастап, кәсіби дағдыларды дамытуға, оның ішінде жұмысшы мамандықтарына дейінгі көптеген міндеттерді шешеді.

«Жұмысшы мамандықтары саласындағы аса маңызды жобалардың бірі Кәсіпорынның цифрлық картасы болып табылады. Бұл бізге нақты уақыт режимінде кәсіпорындардағы тәуекелдерді алдын ала анықтауға және алдын алу шараларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Модельде қаржылық, әлеуметтік және еңбек сияқты 60-тан астам көрсеткіш бойынша мәліметтер қолданылады. Бұл бізге жоғары тәуекелге байланысты жұмыс мамандықтарына ерекше назар аударуға мүмкіндік береді.

Кәсіпорынның цифрлық картасын бұрын құрылған Отбасының цифрлық картасымен үйлестіру жаңа мүмкіндіктер ашады. Жұмыс беруші кәсіпорындағы жұмыскерлердің әлеуметтік әл-ауқатын ескере отырып, тәуекелдерді автоматты түрде анықтай алады. Мысалы, егер жұмысшы баспанаға мұқтаж болса, оның отбасы көпбалалы  немесе онда мүгедектігі бар адам мәртебесі берілген мүшесі болса, жұмыс беруші мұны біліп, тиісті қолдау көрсете алады.

Бизнес үшін Кәсіпорынның цифрлық картасы – бұл жұмыскерлердің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыруға арналған құрал», – деп түйіндеді министр.

06 января 2025
Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызметтерді лицензиялау басталды

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтерді (бұдан әрі – АӘҚ) лицензиялау енгізілді. Бұл оларды көрсету сапасын жақсартуға жағдай жасайды және осы саладағы бұзушылықтар санын азайтуға оң ықпал етеді.

Лицензиялауды енгізу арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту кезеңдерінің бірі болып табылады және ол: көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға; көрсетілетін қызметті алушылардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға кепілдік беруге; АӘҚ ұсынатын ұйымдар үшін бірыңғай стандарттарды белгілеуге бағытталған.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін барлық меншік нысанындағы ұйымдар лицензияланады.

Лицензия алудың негізгі шарттары: санитарлық нормалар мен Өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес келетін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге жарамды ғимараттың болуы; қажетті материалдық-техникалық базаның және қызметкерлер құрамының болуы; халықтың жүріп туруы шектеулі топтары үшін ғимараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету және басқалар.

2024 жылдың қазан айынан бастап ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері лицензия алды талдау жүргізді, жергілікті атқарушы органдармен және ҮЕҰ-мен бірлесіп, АӘҚ көрсететін барлық ұйымдарды лицензиялауға дайындау мәселелері пысықталды.

Лицензия алуға өтінім Әлеуметтік қызметтер порталы (aleumet.egov.kz) арқылы беріледі.

Лицензиялау көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, мүгедектігі бар адамдарды және көрсетілетін қызметті алушылардың өзге де санаттарын әлеуметтік оңалтудың тиімділігін көтеру үшін жағдайлар жасайды, сондай-ақ осы саладағы бұзушылықтар санын азайтуға оң ықпал етеді

 
06 января 2025
2025 жылы азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысы 20% - ға өседі

Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында биыл азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын орташа есеппен 20% - ға кезең-кезеңімен арттыру жалғастырылады.

Жалақыны көтеру бухгалтерлер, экономистер, заңгерлер, мұрағатшылар, кітапханашылар, мұражайтанушылар, орманшылар, техникалық персонал және тағы басқа мамандықтар бойынша жұмыс істейтін 600 мыңға жуық азаматтық қызметшіге әсер етеді.

Осылайша, 2022-2025 жылдар аралығында азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысы 2 есе ұлғаяды.

05 января 2025
Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері өсті

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрінің мөлшері ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2% - ға оза отырып ұлғайтылды.

Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 %-на дейін, ең жоғары – 120 %-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.

Мәселен, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ға дейін ұлғайтылды, бұл 32 360 теңгені құрап, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110%-ға дейін арттырылып, 50 851 теңгені құрайды.

Мысалы, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққан 69 жастағы зейнеткердің 2024 жылы бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері 156 856 теңгені құрады, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 45 578 теңге, ынтымақты зейнетақы – 111 278 теңге. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өсімді ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 171 588 теңгеге дейін ұлғайды, оның ішінде базалық зейнетақы – 50 851 теңгені, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңгені құрады. Аталған сомаларға БЖЗҚ-дағы төлемдер кірмейтінін атап өту маңызды.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың ұлғаюының бірнеше үлгісі:

- 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 140 296 теңгеден 149 416 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда берілетін жәрдемақы – 232 596 теңгеден 247 716 теңгеге дейін ұлғайды;

- мөлшері балалар санына байланысты берілетін көпбалалы отбасыларға арналған  жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 59 183 теңгеден 63 030 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 147 680 теңгеден 157 280 теңгеге дейін артты;

- I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 95 496 теңгеден 101 702 теңгеге дейін, II топ – 76 397 теңгеден 81 362 теңгеге дейін, III топ – 52 089 теңгеден 55 474 теңгеге дейін өсті.

Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер мөлшері 6,5 %-ға артты. Аталған төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

Төлемдердің мөлшері жеке санаттарға және келесілерге байланысты болады: соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты алмастыру.

23 декабря 2024
Қазақстандықтарға мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрінде шамамен 633,4 млрд теңге төленді

Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (бұдан әрі – МӘЖ) төлеуге республикалық бюджеттен 560 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 73,4 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды.

2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 539,5 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 188,3 мың адамды құрайды.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, 2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 101,1 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал шамамен 67,2 мың отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.

Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.

Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 7%-ға өсті. ҚР Үкіметінің шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-дан төленетін төлемдердің мөлшері де 7%-ға артты.

Осылайша жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін –  95 496 теңгені, 2-топ үшін – 76 397 теңгені, 3-топ үшін 52 089 теңгені құрайды.

2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 59 826 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша – 64 619 теңгені құрайды.

19 декабря 2024
Жыл басынан бері қазақстандықтарға 3,4 трлн теңгеден астам сомасында зейнетақы төленді

Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 3 трлн 436,4 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 1 трлн 81,9 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 2 трлн 354,5 млрд теңге қарастырылды.

2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 428 мың адам.

2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 131 556 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 88 967 теңге, базалық зейнетақы – 42 589 теңге.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 %-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 85 %-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 105% белгіленеді.

Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.

11 декабря 2024
Т. Оспанқұлов мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының жұмысы туралы хабарлады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің (бұдан әрі – Комитет) төрағасы Төлеген Оспанқұлов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында 2024 жылғы мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының жұмысы туралы айтты.

Сөз басында ол әлеуметтік инспекторлар институттары көптеген елдерде бар екенін және азаматтарды әлеуметтік қолдау сапасын арттыруда маңызды рөл атқаратынын, сондай-ақ осы саладағы стандарттардың сақталуын нақты бақылай отырып, тиімді және ашық әлеуметтік қорғау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қазақстанда әлеуметтік инспекторлар институты көрсетілетін қызметті берушілердің әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманы сақтауын бақылауды күшейту және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін 2023 жылғы 1 шілдеде Әлеуметтік кодекс күшіне енген сәттен бастап енгізілді. Бүгінгі таңда халықты әлеуметтік қорғау саласында 111 мемлекеттік инспектор қызмет етуде.

«Әлеуметтік қорғау инспекторлары қызметінің негізгі бағыты мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыру болып табылады.

Әлеуметтік инспекторлардың функцияларына олардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік қорғау туралы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен, жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау кіреді», - деді Төлеген Оспанқұлов.

Әлеуметтік инспекторлар тексеру нәтижелері негізінде бақылау субъектісіне анықталған бұзушылықтарды жою, алдын алу, болдырмау және алдын алу бойынша орындалуы міндетті нұсқамалар шығарады және өрескел бұзушылықтар үшін әкімшілік айыппұл салады.

«Бүгінде елімізде 730 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады, олар жалпы халық санының 3,6%-н құрайды.

2024 жылдың 11 айында әлеуметтік инспекторлар 2 474 тексеру жүргізді, оның ішінде 2 307-і мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша және 167-і арнаулы әлеуметтік қызметтер (бұдан әрі –АӘҚ) көрсету бойынша болды. 629 тексеру профилактикалық бақылау шеңберінде, 655 жоспардан тыс және   прокуратураның талабы бойынша 1190 тексеріс жүргізілді. Тексеру нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті берушілерге 949 ұйғарым беріліп, 215 млн теңгеден астам сомаға 961 айыппұл салды. Тексерулермен: 174 әкімдік, 167 АӘҚ көрсету орталығы, 88 емхана мен аурухана, 11 оңалту орталығы, 468 балабақша, 802 мектеп, 144 лицей мен колледж, 110 жергілікті атқарушы органдардың бөлімдері мен басқармалары, 39 сауда үйі, 12 банк және т. б. қамтылған», – деді Төлеген Оспанқұлов.

Комитет төрағасы мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік бойынша негізгі бұзушылықтар: пандустың болмауы; пандустың көлбеу бұрышының, сондай-ақ есік енінің нормативтерге сәйкес келмеуі; кіру тобында тұтқалардың болмауы; санитариялық-тұрмыстық орындардың бейімделмеуі; мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы тұрақ орындарының, көрсеткіштердің, көру қабілеті бұзылған адамдар үшін қарама-қарсы бағыттаушылардың болмауы болып табылатынын атап өтті.

АӘҚ көрсететін кейбір ұйымдарда ағымдағы немесе күрделі жөндеу жүргізу қажеттілігі, сондай-ақ тұрғын үй-жайлар алаңының талап етілетін стандарттарға сәйкес келмеуі анықталды. Бұдан басқа, тамақтану нормалары мен талаптарын сақтау, дәрілік заттарды тағайындау және беру, бейнебақылау камераларын орнату, көрсетілетін қызметті алушылардың жеке істерін жүргізу, штаттық персоналды толтыру, жиһазды, жабдықты, қатты және жұмсақ құралдарды, киім мен аяқ киімді, көлік құралдарын ауыстыру қажеттілігі бөлігінде бұзушылықтар анықталды.

Төлеген Оспанқұлов мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғаудың негізгі бағыты объектілерді бейімдеу болып табылатынын атап өтті. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар, 2023-2027 жылдарға арналған «Аманат» партиясының жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.

«Amanat» партиясының жол картасында 2023-2027 жылдар аралығында интерактивті қолжетімділік картасына (бұдан әрі – Карта) енгізілген 40 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын объектілердің 20%-ы бейімделуге жатады. 2024 жылы 40% немесе 17 325 нысанды бейімдеу жоспарланған 2025 – 60%, 2026 – 80%, 2027 жылы – 100%.

«Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша 22 166 нысан немесе қол жетімділік картасына енгізілгендер санының 51,8% (жоспар бойынша 40%) толығымен бейімделген. Оның ішінде 3,4 мыңға жуық денсаулық сақтау объектілері, 7,5 мыңнан астам білім беру объектілері, 3,3 мың мекемелер мен ұйымдар, 1,8 мыңнан астам мәдениет объектілері, 4 мыңнан астам сауда, қызмет көрсету, ойын-сауық салалары объектілері және т. б.

Сонымен бірге өңірлік аспектіде жоспарлыдан төмен көрсеткіштер Маңғыстау (36%) және Ұлытау (28%) облыстарында байқалды», – деді Комитет төрағасы.

Төлеген Оспанқұлов осы жылдың тамыз айында тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері мен әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы тексеру парағы бекітілгенін айтты. Осы бағыттар бойынша тексерулер 2025 жылдың басынан басталады.

«Әлеуметтік төлемдерді алушыларға уақтылы және дұрыс тағайындау және аудару бөлігінде халықты әлеуметтік қамсыздандыру саласы тексерілетін болады. Бақылау субъектілері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ, сондай-ақ олардың филиалдары болып табылады, олардың қызметі 12 критерий бойынша бағаланатын болады», – деді ол.

Қорытындылай келе Төлеген Оспанқұлов Комитет жұмысының тағы бір бағыты 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап АӘҚ көрсететін ұйымдарды лицензиялау болатынын хабарлады.

«Лицензиялауды енгізу халықтың әлеуметтік осал топтары үшін көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған. Лицензия беру кезінде материалдық-техникалық база мен жабдықтың, медициналық лицензияның, өрт қауіпсіздігі лицензиясының болуы, бейімделген ғимараттың болуы, қызметкерлердің толық штаты және т. б. ескерілетін болады. Жүргізіліп жатқан жұмыстың арқасында сапалы қызмет көрсетуге мүдделі емес ұйымдар сүзіледі.

Қазіргі уақытта әлеуметтік инспекторлар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, АӘҚ көрсететін ұйымдардың лицензиялауға дайындығын талдау бойынша жұмыс жүргізуде. Лицензиялауға өтінімдер 26 желтоқсаннан бастап қабылданады», – деп түйіндеді Төлеген Оспанқұлов.

10 декабря 2024
2025 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтерді лицензиялау енгізіледі

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтерді (бұдан әрі – АӘҚ) лицензиялау енгізіледі. Бұл оларды көрсету сапасын жақсартуға жағдай жасайды және осы саладағы бұзушылықтар санын азайтуға оң ықпал етеді. Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті (бұдан әрі – Комитет) жүргізген лицензия алдындағы талдау нәтижелері бойынша АӘҚ көрсететін 1007 ұйымның 72,3% - ы талаптарға сәйкес келетіні анықталды.

Лицензиялауды енгізу арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту кезеңдерінің бірі болып табылады және ол: көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға; көрсетілетін қызметті алушылардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға кепілдік беруге; АӘҚ ұсынатын ұйымдар үшін бірыңғай стандарттарды белгілеуге бағытталған.

«Осы қызметтерді көрсететін ұйымдардың меншік нысанына қарамастан, АӘҚ-ның тиісті сапасын қамтамасыз ету қажеттігі көптен бері туындап келеді. Бұл орайда өткен жылы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының бірінде мүгедектігі бар балалардың тағамнан уланып, тіпті адам шығыны орын алған қайғылы оқиғаны еске түсірсек жеткілікті. Жүргізілген кешенді тексеру нәтижелері бойынша осы ұйымда мүгедектігі бар балалардың құқықтары өрескел бұзылғаны анықталды: тұрмыстық қызметтер толық көлемде көрсетілмеген; төсек-орын, киім және аяқ киім берудің минималды нормалары сақталмаған; скринингтік тексерулер жүргізілмеген; тамақтану нормалары бұзылған.

2024 жылдың 11 айында жүргізілген 167 тексеру нәтижесінде 148 субъектіге анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, жалпы сомасы 1,75 млн теңгеге 15 айыппұл салынды», – деді Комитет төрағасы Төлеген Оспанқұлов.

Ол АӘҚ сапасы екі негізгі факторға тікелей байланысты екенін атап өтті: қызметкерлердің кәсіби біліктілік деңгейі және қызмет көрсететін ұйымдардың белгіленген талаптарға сәйкестігі.

«Бүгінгі таңда республика бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласында қызмет ететін 12,7 мың әлеуметтік қызметкер бар. Олардың тек 12%-ның бейіндік білімі бар, қалған 88%-ында медициналық, педагогикалық, экономикалық және т. б. білім бар.

Кадрлардың сапасын арттыру үшін биыл әлеуметтік қызметкерлерге қойылатын талаптарды белгілейтін кәсіптік стандарт әзірленді. Биыл 8,3 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер бейіндік оқытудан өтіп, сертификаттар алды. 2025 жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлердің тізілімі енгізіледі, онда олардың кәсіби құзыретіне қатысты барлық деректер көрсетіледі. Сондай-ақ, келесі жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен меморандумдар жасалған мамандандырылған кафедралары бар республиканың 14 жоғары оқу орнының базасында қайта даярлаудан және біліктілігін арттырудан өте алады.

Ал АӘҚ көрсететін ұйымдарда тиісті жағдайлар жасау мәселелерін шешу үшін 2025 жылдан бастап лицензиялау енгізілуде», – деп атап өтті Комитет төрағасы.

Лицензия алудың негізгі шарттарының бірі ретінде мыналар анықталды: АӘҚ ұсынуға жарамды және санитарлық ережелерге, өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес келетін ғимараттың болуы; көрсетілетін қызметтердің тиісті сапасын қамтамасыз ететін қажетті материалдық-техникалық базаның болуы; қызметкерлер құрамының болуы; халықтың аз қозғалатын топтары үшін ғимараттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету және т. б.

Осы жылдың қазан айынан бастап Комитеттің аумақтық департаменттері лицензиялау алдындағы талдау жүргізуде, оның барысында АӘҚ көрсететін 1007 ұйымның 72,3% лицензиялау шарттарына толық сәйкес келетіндігі анықталды.

Жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік арнаулы қызмет көрсету орталықтарын белгіленген талаптарға сәйкес келтіру бойынша жұмыс жүргізуде.

Бұл ретте ҮЕҰ ұсынатын үкіметтік емес сектор ұйымдарының ішінен өрт қауіпсіздігі актілері жоқ 86 объект анықталды, 70-нің СЭС қорытындылары жоқ, 87 ұйымның ғимараттарында мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік қарастырылмаған. 

«Біз әкімдіктермен және ҮЕҰ-мен лицензиялауға дайындық мәселелерін пысықтауды жалғастырамыз, лицензиялау алдындағы бақылаудан өту бөлігінде қажетті консультациялар мен сүйемелдеу көрсетеміз.  Ұйымдарды лицензиялау бірінші кезекте көрсетілетін АӘҚ сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, екіншіден, мүгедектігі бар адамдарды және көрсетілетін қызметті алушылардың өзге де санаттарын қоғам өміріне одан әрі ықпалдастыра отырып, оларды әлеуметтік оңалтудың тиімділігін қамтамасыз етеді», – деп атап өтті Төлеген Оспанқұлов.

06 декабря 2024
2024 жылы мүгедектігі бар адамдар агрегаторлар арқылы инватакси қызметіне 179 мыңнан астам тапсырыс берді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині) бастамасымен өткен жылы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға инватакси қызметін көрсету кезінде такси агрегаторларын пайдалану жөніндегі пилоттық жоба басталды. 2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Астана мен Алматы қалаларында аталған қызмет 179,6 мың рет көрсетілді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметі 53,9 мың рет көрсетілгенін естеріңізге саламыз.

Бұдан бұрын хабарлағандай, инватакси қызметінің сапасы мен көрсету жылдамдығын арттыру мақсатында Еңбекмині әкімдіктермен бірлесіп осы қызметтің тетігіне өзгерту енгізу туралы шешім қабылдады. Мысалы, азаматтарға қызмет алудан бір күн бұрын телефон арқылы жазылу қажет, бұл өз сапарларын алдын ала жоспарлауға, инватакси беруді күтуге мәжбүр етеді, инватакси қызметтерін ұсыну үшін көлік құралдарының жетіспеушілігі және
т. б. мәселелер бар.

Шарттарды жеңілдету үшін осы қызметті көрсетуге қатысуға тиісті сұраныс алған такси агрегаторларын тарту бойынша пилоттық жобаға бастама жасалды.

Мұндағы басты шарт сапарлардың ақысынан пайыздың болмауы, олар әдетте агрегатор платформаларының пайдасына аударылатын. Яндекс компаниясы пилоттық жобаға өтеусіз негізде қатысуға ниет білдірді.

Пилоттық жоба шеңберінде азаматтар Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы Инватакси қызметін қолдана алады. Бұл қызметті алушы үшін көлікті тезірек таңдауға, онлайн режимінде тапсырыс мәртебесін қадағалауға және жасалған сапарларға мониторинг жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аталған қосымшада мүгедектігі бар адамдар жүргізушіге сапардағы ерекше қажеттіліктері туралы ескертуі үшін арнайы мүмкіндіктер экраны іске қосылды. Өз кезегінде, жүргізушілер адамды көлікке отырғызу және одан түсуде қалай көмек көрсетуге болатын секілді арнайы нұсқаулар алады.

Пилоттық жобаға алғашқы кезеңде Астана және Алматы қалаларынан мүгедектігі бар адамдардың фокус-тобы қатысады.

Жоба 2024 жылы да жалғасады, болашақта жаңа форматта қызмет көрсетуді мүгедектігі бар адамдардың басқа топтарына кеңейту және елдің барлық өңірлерінде кеңінен қолдану жоспарлануда.

05 декабря 2024
2024 жылы мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 935 мыңнан астам қызмет алды

2024 жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) арқылы шамамен 808,7 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын (бұдан әрі – ОТҚ), 8,7 мың – ымдау тілі қызметін, 26,8 мың – жеке көмекшінің, 90,9 мың – санаторийлік-курорттық емдеу қызметін алды.

Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.

Бүгінгі күні Порталда 884 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталық (бөлімшелер), 811 ОТҚ жеткізуші, 30 мыңнан астам жеке көмекші, 760 ымдау тілі және 127 санаторийлік-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.

«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған.

Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Әлеуметтік кодексін іске асыру шеңберінде жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған Портал жөніндегі комиссияларға жаңа өкілеттіктер берілген: мүгедектігі бар адамдардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы өтінішін 5 күн ішінде қабылдау және қарау; өнім берушіге хат жолдау және оның орындалуын бақылау; өнім берушіні Порталдан шығару және жосықсыз өнім берушілер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдау.

Порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы