"№4 емханасы" ШЖҚ КМК Абай облысы бойынша №1 медициналық әлеуметтік сараптама бөлімі семинар-кеңес өткізді

"№4 емханасы" ШЖҚ КМК Абай облысы бойынша №1 медициналық әлеуметтік сараптама бөлімі семинар-кеңес өткізді

25.06.2026 ж. «Мүгедектікті және/немесе еңбекке қабілеттілігін жоғалту дәрежесін белгілеу және/немесе әлеуметтік қорғаудың қажетті шараларын айқындау» мемлекеттік қызметін көрсету сапасын арттыру мақсатында Абай облысы бойынша №1 МӘС бөлімінің  бас мамандары М.Б. Исанова және А.М. Мекешева Семей қ. №4 емханасында ВКК төрағасымен, ЖПД дәрігерлерімен және бейінді мамандармен бірлесіп семинар-кеңес өткізді. Семинар-кеңесте келесі мәселелер қаралды:

  1. 2026 жылдың 5 қаңтарынан бастап 2026 жылдың 25-ші маусым аралығындағы алғаш рет мүгедектікке шығу көрсеткіштерін нозологиялық құрылымдарды, мүгедектік тобы мен себептерін ескере отырып талдау;
  2. 2026 жылдың 5 қаңтарынан бастап 2026 жылдың 25-ші маусым аралығындағы күндізгі және сырттай куәландыру кезінде негізсіз толтырылған 031/у нысандарының талдауы;
  3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары.

Қатысушыларға жүргізілген талдаулар бойынша ақпарат ұсынылды. Абай облысының медициналық ұйымдары тарапынан негізсіз және сапасыз жолданған 031/у нысандарының саны айтылып, нозологиялар бөлінісінде МӘС-ке негізсіз жолданған қорытындылар туралы мәліметтер ұсынылды.

Кеңес барысында қолданыстағы нормативтік құқықтық акт — Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №260 бұйрығы «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

«Мүгедектікті және/немесе еңбекке қабілеттілігін жоғалту дәрежесін белгілеу және/немесе әлеуметтік қорғаудың қажетті шараларын айқындау» мемлекеттік қызметін проактивті-сырттай көрсету тақырыбы, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларды жеке абилитация және оңалту бағдарламасына сәйкес техникалық оңалту құралдарымен және санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету қағидалары жан-жақты түсіндірілді.

Талқылау барысында сырттай проактивті куәландыру жүргізілетін нозологиялық нысандардың тізбесі бойынша түсіндірмелер беріліп, тұлғаларды медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдаудың негізділігіне қатысты негізгі мәселелер қаралды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары айтылды.

Семинар-кеңестің қорытындысында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, оларға жауаптар мен түсіндірмелер берілді.