Балалардың қауіпсіздігі - Қазақстан ТЖМ жұмысындағы басымдық

Балалардың қауіпсіздігі - Қазақстан ТЖМ жұмысындағы басымдық

  Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов азаматтардың, әсіресе балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Ол өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету министрліктің басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

  Еліміздің түкпір-түкпіріндегі білім беру мекемелерінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына үнемі тексерулер жүргізіледі, практикалық оқу-жаттығулар мен профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады. Оқу жылы ішінде ТЖМ мамандары оқушыларға, педагогтар мен ата-аналарға ТЖ кезіндегі мінез-құлық және алғашқы көмек көрсету ережелерін үйретеді.

  Балалардың қауіпсіздік мәдениетін кішкентай кезінен бастап қалыптастыруға ерекше назар аударылады. Мектептерде кадет сыныптары, әскери-патриоттық клубтар, «Жас құтқарушы» және «Жас өрт сөндірушілер» үйірмелері құрылады. Маусым айында Көкшетауда «Жас құтқарушы» республикалық жарысы өтеді, онда балалар өздерінің қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын көрсетеді.

  «Қазақстан балалары» бастамасы аясында 29 мамырда еліміздің барлық өңірлерінде «Балалардың қауіпсіздігі-басты назарда» ұранымен балалар мен ата – аналарға арналған тақырыптық іс-шаралар және шеберлік сыныптары өтеді.

  Жазғы маусымның басталуымен су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілді. Балалар лагерлерін тексеру басталды, мобильді құтқару бекеттері орнатылды, заманауи жүзу құралдары сатып алынуда. Әкімдіктермен бірлесіп 2ГАЖ-да орналастырылатын шомылуға рұқсат етілген орындардың тізімі өзектендіріледі. Балаларды жүзуге үйрету, сондай-ақ рейдтер мен патрульдеу жүргізіледі.

  Министр судағы қайғылы оқиғалардың басты себебі - балаларды қараусыз қалдыру екенін ерекше атап өтті. Осыған байланысты демалыс басталғанға дейін ата-аналармен профилактикалық жұмыс күшейтілді.

  Балалардың терезеден құлауына жол бермеуге ерекше назар аударылады. ТЖМ тұрғын үйлерге қорғаныш құрылғыларын орнатуға бастамашы болды және дрондарды пайдаланып ақпараттық жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жалпы республикалық ақпараттық науқан өткізу ұсынылды.

  Туристік маусым жағдайында бейінді ведомстволарға танымал маршруттар мен демалыс объектілерінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету тапсырылды.

  ТЖМ барлық күштері мен құралдары тәулік бойы ден қоюға дайын. Министрліктің жұмысы жүйелі түрде тәуекелдердің алдын алуға және әрбір азаматтың, әсіресе еліміздің болашағы — балалардың өмірін қорғауға бағытталған.