ТЖМ басшысы ҚХР делегациясын қабылдады

ТЖМ басшысы ҚХР делегациясын қабылдады

  Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінде министр генерал-майор Шыңғыс Әріновтің төрағалығымен Шао Ченьян мырза бастаған Қытай Халық Республикасының делегациясымен кездесу өтті.

  Келіссөздер барысында тараптар төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, озық технологиялармен алмасу мен өңірлердің табиғи қауіп-қатерлерге төзімділігін арттыру саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Шыңғыс Әрінов Қазақстан халықтың қауіпсіздігі мен инфрақұрылымды табиғи және техногендік тәуекелдерден қамтамасыз ету мәселелерінде халықаралық өзара іс-қимылды дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті.

  Тараптар тәжірибе алмасудың, озық технологияларды енгізудің, сондай-ақ өңірлердің төтенше жағдайларға тұрақтылығын арттыруға бағытталған жобаларды бірлесіп іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Шетелдік делегация айтқан ұсыныстардың бірі каскадты әдісті қолдана отырып, қытайлық инвестициялар есебінен Түрген өзенінде гидроэлектрстанциясы бар бөгет салуға қатысты болды. Бұл жобаны іске асыру су режимін тиімді реттеуге, экологиялық таза электр энергиясын өндіруге және өңірдің сел қатерлеріне төзімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

  Кездесу қорытындысы бойынша диалогты жалғастыру және ұсынылған бастамаларды сараптамалық деңгейде пысықтау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.