Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдады. Құжат әрі қарай қарау үшін Сенатқа жолданды.
Заң жобасын талқылауға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Кеген Тұрсынбаев қатысты.
Қабылданған Заң 10 кодекс пен 37 заңға енгізілетін өзгерістерді қамтиды. Бұл өзгерістер төтенше жағдайларға ден қою жүйесін жаңғыртуға, халықтың қауіпсіздігін арттыруға және азаматтық қорғау саласындағы қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталған.
Реформалардың негізгі бағыттары мыналарды қамтиды:
- Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің құқықтық мәртебесін нығайту және әлеуметтік кепілдіктерін арттыру. Бұл тұрғын үй төлемдері, көтерме жәрдемақылар, дағдарыстық жағдайларда жұмыс істегені үшін үстемақылар, өтемақылар мен ем алу шараларын қамтиды.
- Өрт қауіпсіздік талаптарын қатаңдату: салынған нысандардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі жөнінде қорытынды беру, өрт автоматикасы жүйелерін орнатумен айналысатын ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын белгілеу, нысандарды сақтандыру.
- Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейту: кәсіби авариялық-құтқару қызметтеріне қойылатын талаптарды арттыру, өндірістік нысандарды уақтылы жаңарту және техникалық қайта жарақтандыру, кәсіпорындарда дербес өндірістік бақылау қызметін құру, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары бұзылған жағдайда рұқсат беру құжаттарын тоқтату және жою тәртібін нақты белгілеу.
- Төтенше жағдайлар кезіндегі басқарудың жаңа механизмдерін енгізу— республикалық штаб құру, әкімдіктердің өкілеттіктерін кеңейту, кинологиялық қызметті дамыту.
- Халықты құлақтандыру жүйесін жаңғырту— техникалық құралдарды күшейту және азаматтардың төтенше жағдайлар кезіндегі әрекетке дайындығын арттыру.
- ТЖМ-нің техникалық және кадрлық әлеуетін нығайту— авиацияны дамыту, жедел әрекет ету қызметтерінің санын арттыру және оларды заманауи техникамен жабдықтау.
Аталған Заңды қабылдау Қазақстандағы азаматтық қорғаныс жүйесін дамыту жолындағы маңызды қадам болып табылады және оның әрі қарай жетілдірілуіне құқықтық негіз қалыптастырады.
Бұл өзгерістер елдің төтенше жағдайларға дайындығын арттыруға, тәуекелдерді азайтуға және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.