Қызылқоға ауданының Тасшағыл ауылында жаңа өрт сөндіру депосы салтанатты түрде ашылды. Ол Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ауылдық жерлерде азаматтық қорғау жүйесін нығайтуға бағытталған стратегиясы шеңберінде жергілікті бюджет қаражатына салынған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Салтанатты рәсімге ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, облыс және ТЖД басшылығы, қызмет ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жаңа депо шамамен 7 мың адам тұратын төрт елді мекенге қызмет көрсетеді. Ғимарат заманауи талаптарға сай келеді: диспетчерлік бөлме, екі өрт сөндіру көлігіне арналған гараждар, ас үй, санитарлық бөлмелер, демалыс бөлмелері және тәулік бойы жұмыс істеуге қажетті барлық заттар бар.
Сонымен қатар жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орындары құрылды, бұл әсіресе ауылдық жерлерде маңызды.
Шыңғыс Әрінов өз сөзінде қауіпсіздік тұрғылықты жеріне қарамастан барлығына қолжетімді болуы тиіс екенін атап өтті:
«Қауіпсіздік - бұл әркімнің құқығы. Біз көмек әрқашан жақын жерде болатын жүйені құрамыз. Бұл Президенттің тапсырмасы және біз оны толық жауапкершілікпен орындаймыз».
Салтанатты рәсімнен кейін қатысушылар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қылқан жапырақты ағаштардың көшеттерін отырғызды.
Министрлік еліміздің түкпір-түкпірінде өртке қарсы қауіпсіздікті нығайта отырып, ауылдарда инфрақұрылымды дамытуды жалғастырады.