Атырау облысының Құрманғазы ауданында жаңа өрт сөндіру депосының құрылысы аяқталды, ол Бөкейхан ауылы мен жақын маңдағы елді мекендерді қорғайды. Нысанның ашылуы тек қалаларды ғана емес, ауылдық аумақтарды да қамтитын азаматтық қорғау жүйесін дамытудағы кезекті қадам болды.
Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов пен Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қатысты.
Өрт сөндіру депосы модульдік технологиямен қысқа мерзімде салынды. Нысан заманауи техникамен, байланыс құралдарымен және жедел ден қоюға арналған қажетті барлық заттармен: өрт сөндіру машиналарына арналған ангармен, кезекші персоналға арналған үй-жайлармен, ас үймен және демалыс аймақтарымен, сондай-ақ шұғыл шақыру үшін екі шығумен толық жабдықталған.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Шыңғыс Әрінов тұрғылықты жеріне қарамастан, барлық азаматтар үшін қауіпсіздік жүйесіне тең қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті:
"Бүгінде ауыл тұрғындарының қала тұрғындары сияқты қорғалғанын сезінуі маңызды. Президенттің қолдауы мен жүргізіліп жатқан реформалардың арқасында біз еліміздің түкпір- түкпірінде өртке қарсы қауіпсіздіктің бірыңғай және тұрақты жүйесін құрып жатырмыз", — деп министр атап өтті.
Жаңа бөлімше 14 мыңға жуық адам тұратын Құрманғазы ауданының 8 елді мекенін қамтиды. Әрекет ету радиусы 30 шақырым — бұл өрт сөндіру есептоптарының оқиға орнына келу уақытын едәуір жылдамдатады және өңірдегі қауіпсіздік деңгейін арттырады.
Бүгінгі таңда Атырау облысында 14 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді. Бөкейхан ауылындағы жаңа бекет қалаларды ғана емес, ауылдық елді мекендерді де қамтитын тиімді ден қою жүйесін қалыптастырудағы маңызды буын болды.
Іс-шара символдық акциямен аяқталды. Министр мен облыс әкімі жаңа депо аумағына ағаш көшеттерін отырғызып, өңірдің тұрақты дамуы мен болашағына үлес қосты.