Төтенше жағдайлар министрлігінде төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камаловтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы өтті.
Отырыс орталық мемлекеттік органдар өкілдерінің, облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері орынбасарларының, сондай-ақ аумақтық төтенше жағдайлар департаменттері бастықтарының, ТЖМ басшылары мен лауазымды тұлғаларының қатысуымен бейнеконференцбайланыс форматында өтті.
Отырыс барысында су тасқыны кезеңінің өтуі және орталық, жергілікті атқарушы органдардың шомылу маусымына дайындық мәселелері талқыланды.
Осы қаралған мәселелер бойынша төтенше жағдайлар, су ресурстары және ирригация, көлік министрліктерінің лауазымды тұлғалары сөз сөйледі. Сонымен қатар еліміздің бірқатар өңірлері әкімдерінің орынбасарлары тыңдалды.
Бүгінгі таңда еліміздің орталық, оңтүстік және батыс бөліктерінде су тасқыны аяқталды. Су тасқынының күрделі кезеңі Ақмола облысында да өтті. Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары бақылауда. Үйлестірілген және жедел жұмыстың арқасында ең аз уақыт ішінде тұрғын үйлерді жаппай су басуына және халыққа зиян келуіне жол берілмеді.
Тәуекелдерді азайту және азаматтардың қауіпсіздігін арттыру үшін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шомылу маусымы қарсаңында барлық бағыттар бойынша алдын алу жұмыстары алдын ала күшейтілді. Ақпараттық-түсіндіру науқаны биылғы жылдың 1 қаңтарынан басталды, практикалық профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде, су айдындарының ең қауіпті учаскелері анықталды, рейдтер мен патрульдеу жүргізілуде.
Отырыс қорытындысы бойынша вице-министр мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға халықтың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ұсынылған іс-шараларды іске асыру үшін шаралар қабылдауды тапсырды.