
Көктемгі сең жүру кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өзендердегі мұз кептелістерінің алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары мен мамандары су тасқыны мен су басуына әкелуі мүмкін кептеліс құбылыстарының қаупін азайту үшін мұз қабатын әлсірету жұмыстарымен белсенді айналысуда. Бұл іс-шаралар су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары аясында өткізіледі.
Әртүрлі өңірлерде мұзды бұрғылау, кесу, мұзды ою және жару жұмыстары жүргізіледі. Негізгі іс-шаралардың бірі өзендердің су тасқыны учаскелерінде мұзды ұсақтау.
Атырау қаласында Амангелді ауылынан бастап 30 км қашықтықта Жайық өзенінің бойында кемені пайдалана отырып, мұз қабатын жасанды түрде әлсірету жұмыстары жүргізілді.
Абай облысында Семей қаласының Мирный кенті маңындағы Ертіс өзенінде, Бородулиха ауданы Красный Яр ауылының маңындағы Үбі өзенінде 9468 шаршы метр алаңда жарылыс жұмыстары жүргізілді. Бесқарағай ауданындағы Ертіс өзенінде мұзды ұсақтау жұмыстарын наурыз айының соңына дейін жүргізу жоспарлануда.
Ақтөбе облысында Ойыл ауданы Берсиев, Сарқырама, Ақмешіт, Ойыл және Ашықбай ауылдарында 3600 шаршы метр аумақта жарылыс жұмыстары жүргізілді.
Шығыс Қазақстан облысында Глубокое, Шемонаиха және Алтай ауданындағы 5 учаскеде жарылыс жұмыстары жүргізілді. Ұсақталған мұздың жалпы ауданы 52984 шаршы метрді құрады. Сонымен қатар Алтай ауданының Тұрғысын, Богатырево және Быково елді мекендерінде мұзды ұсақтау жалғасуда. Глубочанка, Бұқтырма, Күршім және Үбі өзендерінің 19 учаскесі анықталды, онда наурыз айының соңына дейін жарылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Батыс Қазақстан облысында өзендерде мұз бұрғылау жұмыстары жүргізілуде, 11820 ойық бұрғыланды, 3920 метрден астам мұз кесілді. Сырым және Қаратөбе аудандарында мұзды бұрғылау және кесу жұмыстары жалғасуда. Деркөл мен Шаған өзендерінің қиылысында жарылыс жұмыстары жүргізілді. Жалпы облыстың 96 учаскесінде жоспарланған.
Қарағанды облысында Бұқар Жырау ауданының Ғ. Мұстафин атындағы кент, Петровка және Жастілек ауылдарының аумағындағы Нұра өзенінде мұз бұрғылау және жару жұмыстары жүргізілді. Нұра, Құндызды және Сабырқожа өзендеріндегі жұмыстарды наурыз айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Павлодар облысының Ақтоғай ауданында Сілеті өзенінің үш учаскесінде жалпы ауданы 1154 шаршы метр мұзды жару жоспарланған.
Солтүстік Қазақстан облысындағы Петропавл қаласының маңын, Қызылжар және Есіл аудандарын бойлай өтетін Есіл өзені су айдынының жалпы ауданы 20 мың шаршы метрден асатын учаскелерінде жарылыс жұмыстары жүргізілді. Облыстың жеті ауданында барлығы 50-ден астам учаскеде жарылыс жұмыстары жоспарланған.
ТЖМ құтқарушылары тұрғындарға жарылыс жұмыстары мұзда жарықшақтардың пайда болуына әкелетінін және осы кезеңде су қоймаларына шығу қауіпті екенін еске салады. Тұрғындарға осы кезеңде мұзға шығудан бас тартуға кеңес беріледі.