Өңірлердегі су тасқынына қарсы жұмыстар: су тасқынынан қорғау шаралары

Өңірлердегі су тасқынына қарсы жұмыстар: су тасқынынан қорғау шаралары

  Еліміздің әртүрлі өңірлерінде су басу қаупін азайтуға бағытталған алдын алу және инженерлік жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бұл іс-шараларды ТЖМ бөлімшелері республикалық және өңірлік бағдарламалар шеңберінде үйлестіреді.

  Орындалған жұмыстардың қатарында қорғаныш бөгеттері мен біліктерін салу және нығайту, сондай-ақ дренаж жүйелерін жөндеу және салу бар.

  Жолдардың астындағы жаңа су өткізу құрылыстары ауыстырылды және орнатылды, сондай-ақ каналдар мен арықтар жабдықталды. Қауіпті аймақтарда жағалауларды тереңдету және нығайту жұмыстары жүргізілуде, өзен арналары тазартылуда. Бұл шаралардың барлығы халықтың қауіпсіздігін арттыруға және ықтимал су тасқынынан болатын зиянды азайтуға бағытталған.

  Абай облысында су тасқыны кезеңіне дайындық тексерілуде. ТЖД және облыс әкімі аппаратының қызметкерлерінен құрылған жұмыс тобы жергілікті атқарушы органдардың су тасқыны кезеңіне дайындығын тексеруде. Аралау шеңберінде инженерлік және арнайы техниканың болуына, жарамдылығына, уақытша орналастыру пункттерінің жай-күйіне, жүргізілетін қар тазалау жұмыстарының сапасына, сондай-ақ ЖЖМ, инертті материалдар мен қапшықты қоса алғанда, қажетті материалдарды дайындауға ерекше назар аударылады.

  Ақмола облысында мемлекеттік инспектор бастаған жұмыс тобы су тасқыны қаупі төнген бірқатар аудандарды аралады. Топ мүшелері айналма арналарды орнату, бөгеттер мен үйінділер салу бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатқан объектілерде болды. Шағалалы, Жабай, Қалқұтан өзендерінің арналарын тереңдету және тазарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алты шақырымдық бөген салынып жатқан Аршалы ауданына барды. Жұмыс учаскелеріне бару барысында су тасқынына қарсы іс-шаралар бір мезгілде талқыланды. Облыс ТЖД бастығының орынбасары Асхат Ақылжанов ТЖ департаментінің күштері мен құралдарының су тасқынына дайындығы туралы баяндады. Сондай-ақ ол алдын алу шаралары туралы айтты. Жұмыс тобы көктемгі су тасқынына дайындық жүріп жатқан әрбір учаскеде болды. Мемлекеттік инспектордың айтуынша барлық ескертулер мен қорытындылар бақылауға алынады.

  Ақтөбе облысында құрамында мемлекеттік инспектор бар ТЖ министрлігінің және басқа құзыретті уәкілетті органдар қызметкерлерімен, облыс әкімінің орынбасарымен бірлескен жұмыс тобы Ойыл, Қаратал, Қобда, Ақтөбе елді мекендеріндегі ықтимал қауіпті учаскелерде аралау жұмыстарын жасады, бөгеттердің жағдайы да қаралды. Сонымен қатар жұмыс тобы облыс орталығының негізгі Елек және Қарғалы өзендерінің бойындағы ықтимал қауіпті учаскелерді және Сазды су қоймасын аралады. Қазіргі уақытта ұзындығы 1300 метрді құрайтын Елек өзенінің бойында жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа қауіп-қатер аймағына түскен Ақтөберентген-14, 16, Урожайный, Зеленстрой бау-бақша ұжымдарында еріген қар суын бұру бойынша іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бұл жерлерде Заречный көпірінен Кірпішті көпіріне дейін Елек өзенінің бойымен үйінді жасалады.

  Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев пен ТЖД бастығы Рашид Блялов Алтай ауданындағы су тасқынына қарсы іс-шаралардың барысымен танысты. Биылғы жылы өңірде қардың көп болуына қарамастан, топырақтың қату деңгейі өткен жылдан төмен, бұл су басу қаупін азайтады. Мамандар толассыз судың кедергісіз өтуі үшін өзендерде 19 мұз жару жұмысын жүргізу орнын  анықтады. Әрбір елді мекен және су тасқыны қаупі бар учаске бойынша іс-қимыл алгоритмдері пысықталды. Осыған ұқсас аэровизуалды мониторинг су басудың алдын алу бойынша жедел шараларды уақтылы қабылдау үшін өңірде жалғасатын болады. Сондай-ақ Рашид Блялов Зайсан ауданында болып, Кенсай, Шалқар, Қаратал және Дайыр елді мекендерінде, Зайсан қаласында орналасқан су тасқыны қаупі бар учаскелерді аралады. Аудандағы ағымдағы жағдаймен танысты.

  Батыс Қазақстан облысында су тасқынының алдын алу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев ТЖД бастығының орынбасары Ернар Жалеловпен, сондай-ақ комиссиямен бірге Шыңғырлау және Бөрлі аудандарында болып, су тасқынының алдын алу шараларымен танысты. Бірінші кезекте Сегізсай ауылы ауданындағы су өткізу сақинасы және Шыңғырлау және Бөрлі аудандары ауылдарындағы су қорғау бөгеттері қаралды. Сондай-ақ арық жүйесімен, инертті материалдар мен қаптардың қорларымен, уақытша эвакуациялық пункттердің дайындығымен танысты. Елек және Шыңғырлау өзендерінен ықтимал қауіпті азайту мақсатында Шыңғырлау ауданының үш ауылында және Бөрлі ауданының 5 ауылында арнайы қорғаныш бөгендері салынды. Сонымен қатар қосымша су өткізгіш құбырлар орнатылды.

  Қарағанды облысында мемлекеттік инспектор су басу қаупі жоғары елді мекендердің дайындық деңгейін тексеруде.  Тексеру барысында қорғаныш бөгендерінің, гидротехникалық құрылыстардың жағдайы, инженерлік жұмыстар жоспары аясында атқарылған шаралардың орындалуы, инертті материалдардың, қаптардың, жанар-жағармай мен азық-түліктің қоры, елді мекендерден қар шығару жұмыстарының ұйымдастырылуы, халықты хабардар ету жүйелерінің бар-жоғы мен жарамдылығы қарастырылады.

  Қызылорда облысында су тасқыны қаупін бағалау үшін өзен мен гидротехникалық құрылыстарға кешенді тексеру жүргізілді. ТЖД бастығы Руслан Қайрақбаев облыс әкімі басқаратын делегация құрамында су ресурстарын басқарумен айналысатын ұйымдардың мамандарының қатысуымен өзеннің жай-күйін су тасқыны қаупіне кешенді тексеру және тікұшақпен әуе тексеруді және жер үсті инспекциясын қоса алғанда, гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін бағалау жүргізді.

  ТЖД басшылығы Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Серік Батырғожиновпен бірлесіп өңірдің бірқатар елді мекендерін аралап шықты. Іс-шара барысында мамандар су тасқыны салдарын жоюға арналған техниканың жай-күйін, сондай-ақ ықтимал су тасқынынан қорғау үшін кедергілерді нығайту және жасау үшін пайдаланылуы мүмкін инертті материалдардың болуын тексерді. Азаматтық қорғау қызметтерін ықтимал төтенше жағдайларға дайындауға ерекше назар аударылады. Тексеру шеңберінде су тасқынының алдын алу және төтенше жағдайлар туындаған жағдайда жедел ден қою үшін инфрақұрылымды жақсарту бойынша қажетті шаралар белгіленді.

  Ұлытау облысында су тасқынының алдын алу шаралары күшейтілді. Кеңгір су қоймасындағы жеті шлюз толық дайын. Өзен арналары мен жағалаулар тазартылып, стратегиялық объектілер бақылауға алынды. Құтқарушылар су тасқыны қаупі жоғары аймақтарды бақылауда ұстап, жағалауларды тазарту және қауіпсіздік шараларын күшейтуде. Сонымен қатар стратегиялық объектілердің  жұмысы қадағалануда, коммуналдық қызметтермен  және «Қазақмыс» корпорациясымен өзара әрекеттестік нығайтылды.

  Шымкент қаласында су басу ықтимал учаскелерді партиялық бақылау комиссиясымен бірлескен аралау жұмыстары жүргізілді. «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалының Партиялық бақылау комиссиясының және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің өкілдері, көктемдегі су тасқынына қарсы атқарылып отырған іс-шаралармен танысу жұмыстарын жүргізді. Аралау барысында су тасқыны қауіпі бар кезеңнің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету және ықтимал төтенше жағдайларға дайындықты арттыру бойынша алдын алу шаралар талқыланды.