ТЖМ басшысы мен Ақтөбе облысының әкімі ТЖД инфрақұрылымын дамыту жоспарына қол қойды

ТЖМ басшысы мен Ақтөбе облысының әкімі ТЖД инфрақұрылымын дамыту жоспарына қол қойды

  Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Асхат Шахаров Төтенше жағдайлар департаментінің инфрақұрылымын дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасына қол қойды. Жоспар азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысы мен еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған 11 негізгі іс-шараны қамтиды.

  Құжат бірқатар бастамаларды қамтиды. Атап айтқанда өрт сөндіру бөлімдеріне күрделі жөндеу жүргізу және абаттандыру, модульдік депо салу, қызметкерлердің әлеуметтік мәселелерін шешу және құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту.

  «Өңірлерде ТЖД инфрақұрылымын дамыту - азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басымдық. Аталмыш жоспар қызметкерлердің жұмысы үшін заманауи жағдайлар жасап қана қоймай, төтенше жағдайларға ден қоюдың жеделдігін арттырып, облыстың барлық тұрғындары үшін қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді», — деп атап өтті Шыңғыс Әрінов.

  Асхат Шахаров атап өткендей: «Жол картасын іске асыру қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартып, шұғыл бөлімшелердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, ТЖ-ға ден қоюдың жауынгерлік әзірлігі мен жеделдігін арттырады, сондай-ақ өңір тұрғындары үшін қауіпсіздіктің неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз етеді».

  Сонымен қатар құжатқа қол қойылған күні Ақтөбе қаласының Есет Батыр шағын ауданында жаңа өрт сөндіру депосы ашылды. Іс-шара аясында ТЖД қызметкерлеріне арнайы техника мен қызметтік пәтерлердің кілттері табысталды.