
2024 жылғы 21 қарашада Қызылорда қаласында «Сол жағалау» шағын ауданында «Болашақ» саптық қарау өткізілді және облыстық азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығы тексерілді. Іс-шараға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.
Сонымен бірге «Қорқыт Ата» атындағы әуежай маңында оқу-жаттығудың практикалық кезеңі өткізілді. Оқу-жаттығудың бірінші кезеңінде шартты жол-көлік оқиғасы орын алды. Облыстық әуежайдың маңында автокөлігі мен маркалы автобусының соқтығысуы салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алғандығы жөнінде хабарлама Департаментке келіп түсті. Соның салдарынан оқиға орнында көлік кептелісі пайда болды. Сонымен бірге жеңіл автокөліктің жүргізушісі апат салдарынан қысылып қалған және жарақат алған. Автобустың ішіндегі жолаушыларға зақым келді. Жергілікті полиция қызметі қоғамдық тәртіпті сақтау және оқиға орнын қоршау жұмысын жүргізді. Зардап шегушілерді жедел құтқару жасағының құтқарушылары көліктен шығарып, Апаттар медицина орталығының дәрігерлері алғашқы медициналық көмек көрсетті. Ауыр жарақат алған жолаушыларды жедел жәрдем қызметінің мамандары ауруханаға жеткізді. Кептелісте қалған жолаушылар арнайы автобуспен жылыту пункттеріне жеткізілді. Ыстық тамақпен және керек-жарақтармен қамтамасыз етілді.
Ал, екінші кезеңде «Қорқыт Ата» әуежайының маңында іздеу-құтқару жұмысы жүргізілді. Департаменттің Жоспарлау және жедел басқару орталығына «Қорқыт Ата» әуежайының маңында екі адам мал іздеп шығып, хабар-ошарсыз кеткендігі жөнінде хабарлама келіп түсті. Ауа-райы күрт салқындап, қалың қар жауды. Аталған хабарламаға сәйкес шұғыл іздеу-құтқару тобы құрылды. «Қазавиақұтқару» АҚ-на тиесілі «Еврокоптер» тікұшағын пайдалана отырып, іздеу-құтқару жұмысы жүргізілді. Белгіленген орынға тікұшақ қонып, кинологиялық топтар мен құтқарушылар «квадроцикл» көлігімен екі бағытта іздеу-құтқару жұмысын жүргізді. ҚР Ұлттық Ұлан №5547 әскери бөлімінің әскери қызметішлер де іздеу жұмысына белсене атсалысты. Құтқарушылар жоғалып кеткен адамдарды дер кезінде тапты. Табылған адамдарға медициналық көмек көрсетілді. Зардап шегушілерді тікұшақты пайдалана отырып, «Қорқыт Ата» әуежайына жеткізді. Апаттар медицинасы орталығының филиалының бригадасы және «Қызыл Ай» қоғамының қызметкерлері зардап шегушілерді ауруханаға жатқызды.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша азаматтық қорғау қызметтерінің қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға ден қоюға дайындығына баға берілді.