Су тасқыны жағдайы туралы ақпарат

Су тасқыны жағдайы туралы  ақпарат

Өз сөзімді бастамас бұрын қазақстандықтарды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын! Еліміздің бірқатар өңірлерінде болған су тасқыны біздің күшіміз бірлікте екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Атырау облысы бақылауда. Жайық өзені су деңгейіне мониторинг жалғастырылуда. Су тасқыны жағдайының мониторингі дронның көмегімен жүзеге асырылады.Бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен тәулікте Индер, Махамбет, Исатай, Құрманғазы аудандарында 37 мың қапшық, 685 тонна инертті материал төселді. Құлсары қаласында  су басқан аумақтан жылжымалы сорғы станциясы мен мотопомпа көмегімен 216 мыңнан астам текше метр су сорылды.

Осы сағатта республика бойынша 41 005 адам өз үйлеріне оралды. 6 405 адам эвакуациялау пункттерінде. Солтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында 7 184 тұрғын үй мен 2 844 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды.

Ақтөбе облысының  Ырғыз ауданында, Атырау облысының Құлсары қаласында, Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында, Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында жағалауды нығайту жұмыстары, су басқан аумақтардан су сору және судың бағытын бұру жұмыстары жүргізілуде.

Бұған дейін Алматы қаласынан, Жетісу және Алматы облысынан  Батыс Қазақстан облысына көмекке барған төтенше жағдайлар министрлігі күштері мен құралдарының бір бөлігі тұрақты орналасу орындарына қайтарылуда.

Су тасқыны бастағалы бері 13,4 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 7,6 млн астам қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді.

Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 17 мыңнан астам  адам, 1 773 техника, 271 су сору құралы және 184 жүзу құралы, 7 әуе кемесі жұмылдырылды.