Жамбыл облысының ТЖ департаменті үшін қызметін ұрпақтан ұрпаққа жалғастырушы әулеттер таңсық емес. Бүгінде мұнда түрлі бөлімшелерде бүкіл ғұмырын азаматтық қорғау органдарына арнаған ардагерлердің ұрпағы қызмет атқарып келеді. Қарапайым адам құтқарушыларға жүктелген жауапкершіліктің ауыр екенін сезіне алмауы мүмкін. Бірақ олар өз жұмыстарын уақытпен еш санаспастан, тәуліктің кез келген мерзімінде, түрлі сипаттағы ауа-райына көңіл бөлместен жанқиярлықпен жалғастырады. Осы қайтпас қайсарлықтары арқасында күрделі қызмет мектебінен өткен ата-аналар өз тәжірибелерін балаларының бойына сіңіріп, өмір жолында бағыт-бағдар беруден еш шаршаған емес. Егер, балалары өздерінің ата-аналары қызмет атқарған мамандықты игеремін десе, олар қалайша қарсы болмақ?! Тіпті, іштей қуанатын да болар бәлкім. Отбасы - бұл керемет мектеп ұясы. Отбасы берген білімді еш мектеп бере алмасы анық. Тәжірибе мен білім әкеден балаға, атадан немереге мирас болып қала береді. Ішкі істер органдарында екі, үш және одан да көп ұрпақ қызмет ететін отбасыларда патриоттық сезім, ар-намыс, қызметтік борыш секілді ұғымдар жай қатардағы сөз болып қалмасы анық. Аталған әулеттерде қызметке деген құрмет, жұмысқа адалдық, мамандықтың беделіне нұқсан келтірмеу әдеттері бала кезден қалыптасады. Мұндай отбасы өскен балаларға ананың сүтімен, әкенің қанымен атадан әкеге, әкеден ұлға жоғарғы адамгершілік құндылықтар беріліп, тіпті қажет кезде өзгелерді құтқару жолында өз өмірін құрбан етуге даяр болу қабілеті де бойларына сіңірері сөзсіз. ол отбасыдағы балалар көбінесе ерте жастан бастап әрі қарайғы жолды ата-аналарының жұмысымен байланысты етіп таңдауы да ғажап емес.
Сөзімізге тұздық болсын деген ниетпен, біз осы орайда Жамбыл облысы ТЖД отбасылық әулет өкілдерінің бірі Шайкрамовтар отбасына біршама тоқталмақпыз.
Әулеттің негізін қалаушы – Анвар Шайкрамов (1914-1998 жж.) 1939 жылдан бастап өртке қарсы қызмет органдарында жұмыс атқарған. 1976 жылы Жамбыл облыстық атқару комитеті ІІБ кәсіби өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы қызметінде еңбек етіп, лайықты зейнет демалысына шыққан. Өртке қарсы қызмет органдарында қызмет атқарған жылдары Анвар Шайкрамов КСРО Жоғарғы Кеңесінің төралқасымен «Өрттегі ерлігі үшін» медалімен және «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
Ол өртке қарсы қызмет ардагері болған жұбайы Елизавета Шайкрамовамен бірге 5 бала тәрбиелеп өсірді.
Анвардың жалғыз ұлы – Шайкрамов Закир Анварович 19.10.1944 жылы дүниеге келген. Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласының тумасы. Ол екі бірдей жоғары білім алған. 1972 жылы Жамбыл тамақ және жеңіл өнеркәсібі технологиялық институтын аяқтаған соң, әкесінің ізімен Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына Жамбыл облыстық атқару комитетінің ІІБ мемлекеттік өрт қадағалау тобының инспекторы лауазымына жұмысқа орналасқан. Сол жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық жоғары инженерлік өрт-техникалық мектебінің күндізгі бөліміне оқуға түсіп, оны 1976 жылы жақсыға тәмамдаған.
Закир Анварович 35 жылдан астам мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарында түрлі лауазымдарда қызмет атқарды және 1997 жылы Жамбыл облысы ІІБ жанындағы Мемлекеттік өртке қарсы қызмет басқармасы бастығының орынбасары лауазымынан «ішкі қызмет полковнигі» атағына лайықты зейнет демалысына шықты. Закир Анварович өзінің салмақты және табанды мінезімен, сондай-ақ тәлімгерлерден бойына жиған бай теориялық білімінің арқасында әріптестері арасында үлкен құрмет пен беделге ие болды. Қызмет бабындағы жоғарғы көрсеткіштері мен ішкі істер органдарындағы үздік қызметі үшін көптеген марапаттарды иеленді. «КСРО ІІМ үздігі», «Өрт күзетінің үздігі», түрлі құрмет медальдары, I, ІІ, ІІІ дәрежелі «мінсіз қызметі үшін», сондай-ақ «Өртке қарсы қызмет органдарының ардагері» және «Төтенше жағдайлар органдарының құрметті ардагері» медальдарымен марапатталған.
Ол жұбайы Людмиламен бірге үш ұл-қыз өсіріп, 8 немере тәрбиелеуде.
Шайкрамов Закир Анваровичтің үш ұл-қызы да әкелерінің ізін жалғады. Бүгінде үлкен немересі Ислам осы салада қызмет атқарып жүр. Айта кеткен жөн, З.Анваровичтің ұлы Мансур мен жар дегенде жалғыз қызы Назира қазіргі уақытта Жамбыл облысының Азаматтық қорғау органында жауапты басшылық лауазымдарда ел игілігі жолында тер төгуде.
Закир Анваровичтің үлкен ұлы - Шайкрамов Руслан Закирович, 25.06.1973 жылы туған. Жамбыл қаласының тумасы. Орта білімі бар. 2002 жылдың мамыр айынан 2017 жылдың тамызына дейін мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарында сержанттық құрамдағы түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. Еңбек жолын Тараз қаласының № 4 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші лауазымынан бастап, одан әрі мансап сатысымен көтеріліп, Жамбыл облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ Байзақ ауданының № 8 өрт сөндіру бөлімі бөлімше командирі лауазымына дейін көтерілген. Ол жерден 2017 жылы «азаматтық қорғау старшинасы» атағымен зейнетке шықты. Қызмет атқару барысында Р. Шайкрамов басшылық тарапынан бірнеше рет марапатталған. ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалі және ҚР ІІМ ТЖК медальдары, Жамбыл облысы ІІД басшылығының Алғыс хаттары, сондай-ақ Байзақ ауданы әкімінің Құрмет грамотасын иеленген. Ұжымдағы спорттық шараларға да өте белсенді қатысқан. Жамбыл облысының «Еңбек сіңірген қақпашысы» атағы да бар. Бүгінде ол футболдан өрт сөндіру қызметі мен сала ардагерлері құрама командаларының намысын қорғауда. Оның тікелей қатысуымен футболдан өрт сөндіру қызметінің құрама командасы түрлі облыстық және республикалық жарыстарда бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды.
Бүгінде Руслан жұбайы екеуі Ислам және Анвар есімді қос ұл тәрбиелеп отыр (үлкен атасының атымен аталған).
Закира Анваровичтің екінші ұлы – Шайкрамов Мансур Закирович, 09.10.1976 жылы туған, Жамбыл қаласының тумасы. Мансур бала кезінен әкесінің ізімен жүруді армандаған екен және 1993 жылы жалпы орта білім беретін мектепті аяқтаған соң Алматы жоғары өрт-техникалық училищесіне оқуға түсіп, ол оқуды 1998 жылы «өрт қауіпсіздігі инженері» мамандығымен аяқтаған. Мансур өзінің еңбек жолын Жамбыл қаласының 60-шы МӨКБ мемлекеттік өрт қадағалау тобының инспекторы қызметінен бастаған және 20 жылдан астам уақыт бойы мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарында үздіксіз қызмет етіп келеді. Бүгінде ол бойына білім жиған әрі тамаша көшбасшы, үлкен ұйымдастырушылық қабілетке ие.
Қазіргі уақытта Жамбыл облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығының орынбасары лауазымында азаматтық қорғау полковнигі атағында қызмет атқаруда. Бірқатар ведомстволық наградалары, соның ішінде ҚР ІІМ медальдары мен төсбелгілері, сондай-ақ ҚР ІІМ ТЖК алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары бар.
Қазіргі таңда Мансур Закирович үш ұл тәрбиелеп отыр.
Закир Анваровичтің көзінің қарашығына айналған жалғыз қызы - Турабекова (Шайкрамова) Назира Закировна 13.01.1981 жылы дүниеге келген. «Құқықтану» мамандығы бойынша жоғары білімі бар. Өртке қарсы қызметінде 2002 жылдан бастап, яғни Жамбыл облысы Мемлекеттік өртке қарсы қызмет Басқармасының кадрлар бөлімінің инспекторы лауазымына тағайындалған кезден бері жұмыс атқаруда. Мақсатты және ізденімпаз оған әрдайым әкесінен бойына сіңген табандылық пен еңбекқорлық қасиеттері өз септігін тигізуде. Ол әріптестері мен бағынышты қызметкерлер арасында лайықты құрметке ие. Бүгінде Назира жас буынүшін үздік тәлімгер десек қателеспейміз. Қазіргі уақытта Жамбыл облысы ТЖД Кадр саясаты бөлімінің бастығы лауазымында «азаматтық қорғау подполковнигі» атағымен қызметін атқаруда. Қызмет атқару барысында көптеген марапаттар иеленген. Оның ішінде ведомстволық медальдар мен төсбелгілер де бар. Қазіргі уақытта отбасылы Назира жолдасы екеуі үш бала тәрбиелеуде.
Закир Анваровичтің тұңғыш немересі - Шайкрамов Ислам Русланович, 17.03.1997 жылы туған, Тараз қаласының тумасы. Арнаулы орта білімі бар, яғни 2017 жылы Тараз мамандандырылған колледжін «өрт қауіпсіздігі технигі» мамандығы бойынша аяқтаған. 2015 жылы конкурстық іріктеуден өтіп, қызметке орналасқан және қазіргі уақытта Тараз қаласының № 2 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы лауазымында «азаматтық қорғау кіші сержанты» атағында қызмет етуде.
13 жасынан бастап Ислам өрт сөндіру-құтқару спортымен айналысқан. Облыстық және республикалық деңгейдегі өрт-құтқару спорты бойынша жасөспірімдер жарыстарына да бірнеше рет қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Қазіргі уақытта да аталған спорт түрімен белсенді айналысып жүрген оның еншісінде Жамбыл облысының құрама командасының мүшесі, «Спорт шеберіне үміткер» спорттық дәрежелері бар. Сондай-ақ, 2018 жылы өткен Федерация Кубогының күміс жүлдегері болып табылады.
Әкесі мен атасы зейнетке шықса да Шайкрамовтар есімі Жамбыл облысының өртке қарсы қызметі қызметкерлерінің өрт сөндірушілер әулеті тізімінен жойылмақ емес. Себебі, орнында бар оңалар демекші атасы мен әкесінің соңынан ерген балалары мен немерелері ол есімді одан әрі жаңғыртуда. Демек, бұл әулеттің есімі саламызда әлі ұзақ жасары анық.
Сәуле Мұнатаева
Жамбыл облысы ТЖД бас маманы