
2023 жылдың 7 қыркүйегінде Қызылорда қаласында «Әмина» және «Ақерке» тұрғын үй кешендерінде ауқымды өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді. Аталмыш оқу-жаттығу Төтенше жағдайлар министрлігі өткізетін қауіпсіздік мәдениетін арттыру бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – адамдар көп шоғырланатын ғимараттарда өртті болдырмау және азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру болып табылады. Төтенше жағдайлар туындаған кезде тұрғындардың дұрыс іс-әрекеттері адамдардың өлімі мен жарақаттануының алдын алуда үлкен маңызға ие.
Өрт сөндірушілердің ең басты мақсаты – өрт оқиғасына жедел ден қойып, уақыт жоғалтпай, адам өмірін сақтап қалу.
Тұрғын үй кешендерінде шартты өртті жоюға Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 11 бірлік техника мен 57 адам, сонымен бірге басқа да қызмет өкілдері жұмылдырылды. Шығу кестесіне сәйкес өрт орнына күштер мен құралдар жіберілді. Барлық өзара іс-қимыл қызметтеріне хабарланды.
Оқу-жаттығу барысында көп қабатты тұрғын үйлердегі өрттерді сөндіру және адамдарды эвакуациялау тактикасы бойынша арнайы қызметтермен өзара бірлескен іс-қимылдар пысықталды.
«Біз Қызылорда облысы гарнизонының тактикалық мүмкіндіктерін, атап айтқанда көп қабатты тұрғын үйдегі шартты өртті жоюды, сондай-ақ, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі қызметтерінің өзара іс-қимылын көрсеттік. Сонымен қатар, оқу-жаттығу қорытындысы бойынша тұрғын үйлерде туындаған мәселені анықтап, оларды пәтер иелері бірлестігінің өкілдеріне жеткізу», – деді Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Нұрсұлтан Ибрагимов.
Сонымен қатар, құтқарушылар тұрғындарға құтқару тентіне және оған ұқсас заттарға секірудің қауіпті екендігін айтты. Өйткені екінші немесе одан да жоғары қабаттардан секіру кез-келген адамның жарақаттануына, тіпті қаза болуына әкеп соғуы мүмкін.
Одан соң аталмыш оқу-жаттығу барысында балалар мен тұрғындарға ерекше көңіл бөлініп, төтенше жағдай кезінде «101», «112» құтқару қызметіне қоңырау шалу тәртібі мен өрт қауіпсіздігі қағидалары тақырыбындағы үнпарақтар таратылды.
Аталмыш оқу-жаттығудың ең бір қызықты сәті өрт сөндіру-құтқару техникасының көрмесінің ұйымдастырылғаны болды. Онда өрт сөндірушілер мен құтқарушылар тұрғындар мен балаларға өздерінің құтқару техникаларын, құрал-жабдықтарын таныстырып, пайдалану тәртібін түсіндірді.
Қызылорда облысы ТЖД
баспасөз қызметі