Көкшетау қаласының биік ғимараттарында өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өтті

Көкшетау қаласының биік ғимараттарында өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өтті

Төтенше жағдайлар министрлігі өткізетін қауіпсіздік мәдениетін арттыру бағдарламасы аясында Көкшетау қаласында «Абылай Хан» тұрғын үй кешенінде ауқымды өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізілді.

Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – халық арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және нығайту болып табылады. Төтенше жағдайлар туындаған кезде тұрғындардың дұрыс іс-әрекеттері адамдардың өлімі мен жарақаттануының алдын алуда үлкен маңызға ие.

Тұрғын үй кешенінде шартты өртті жоюға ТЖ департаментінің жеке құрамынан 13 бірлік техника мен 44 адам, 2 жедел медициналық жәрдем көлігі, полиция басқармасының 2 экипажы, Көкше-Энерго 1 бригадасы және жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылды. Шығу кестесіне сәйкес өрт орнына №2 дәреже бойынша күштер мен құралдар жіберілді. Барлық өзара іс-қимыл қызметтері хабарланды. Оқиға орнына келген өрт сөндіру бөлімшелері 5 адамды эвакуациялады, оның 2-і автосатының көмегімен, 2-і газ-түтіннен қорғау қызметінің буындарымен және 1 тұрғын альпинистік құрылғылардың көмегімен құтқарылды.

«Біз Көкшетау гарнизонының тактикалық мүмкіндіктерін, атап айтқанда 9-қабаттағы шартты өртті жоюды, сондай-ақ, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі қызметтерінің өзара іс-қимылын көрсеткіміз келді. Сонымен қатар, оқу-жаттығу қорытындысы бойынша тұрғын үйде туындаған мәселелерді анықтап, оларды мүлік иелері бірлестігінің өкілдеріне жеткізу қажет», – деп ТЖ департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев атап өтті.

Сонымен қатар, құтқарушылар тұрғындарды құтқару тентіне және оған ұқсас заттарға секіру қаупі туралы хабардар етті, өйткені екінші және одан жоғары қабаттардан секіру әртүрлі жарақаттарға, ал бесінші қабаттан және одан жоғары қабаттардан секіру өлімге әкеп соғуы мүмкін.

Ақмола облысының ТЖД баспасөз қызметі