Жүректе мәңгі сақталады!

Жүректе мәңгі сақталады!

Жамбыл облысы ТЖД "ӨСжАҚЖҚ" ММ бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі марқұм Мейіржан Какпасынұлы Айманов азаматтық қорғау органдарында 1995 жылдың қыркүйегінен бастап қызмет атқарған еді. Бейбіт күннің батыры Мейіржан Айманов 2021 жылдың 26 тамызында Байзақ ауданы, Жаңатұрмыс а/о, Үшбұлақ станциясынан 3 шақырым жерде ҚР ҚМ № 28349 әскери бөлімінің аумағында оқ-дәрі қоймасынан шыққан өртті сөндіру барысында ерлікпен қаза тапты. Батырларымыздың ерлік істерін кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында дүйім жұртты  дүр сілкінткен оқиғаға аз-кем тоқталғанды жөн көріп отырмыз.

Аталған әскери бөлімде өрт тоқиғасы туындағаны жөнінде хабарлама келіп түскен сәттен ТЖ орнына күштер мен құралдарды тарту жоспарына сәйкес Жамбыл облысы ТЖД күштері мен құралдары және 114 адам жеке құрам аттанған. Гарнизон бойынша жоғары дәрежелі шақыру жарияланған.

Сағат 19.15-те оқиға орнына жеткен алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері қойманың лапылдай жанып жатқандығын байқаған.  Бастапқы кезеңде от жауынгерлері құрылыстың қақпалары арқылы лафеттік оқпандармен су беру жұмыстарын жүргізеді. Алайда  бұл өрт сөндіру тактикасы оң нәтижеге әкеле қоймаған. Дегенмен өрт сөндірушілердің мақсаты өртті жою болғандықтан демде суы таусылған өрт сөндіру автокөліктерін қайта су толтырып келуге жұмсап, одан әрі өртті сөндіру жұмыстарымен жанұшыра айналысқан. Тіпті өз бастарына төніп тұрған қауіпті де ойлауға мұршалары келмеген. Дәл осы өрт оқиғасының бел ортасында  азаматтық қорғау полковнигі М.К.Айманов жігіттерді бәр сәтке де жалғыз тастамай, бастан-аяқ бірге болып,  өрт сөндіру және адамдарды қауіпсіз орынға көшіру жұмыстарымен айналысқып жүрген сәтінде орны толмас қазаға ұшырады. Дегенмен Мейіржан Аймановтың сауатты іс-әрекеті мен  асқан қайсарлығының арқасында Тараз қаласындағы 3 елді мекеннің 710 тұрғыны эвакуацияланды. Яғни, Мейіржан секілді халықтан шыққан адал ұлдардың арқасында апат орын алған аумақтағы елді-мекен тұрғындары аман қалды. 

Мейіржан Айманов қызмет барысында өзін үнемі тек жақсы қырынан көрсетті. Ол тек өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарына белсенді қатысып қана қоймай, өрт сөндіру және құтқару спортын дамытуға да үлес қосатын.   Мейіржан Айманов бұған дейін бірнеше күрделі өрттер мен төтенше жағдайлар орын алған аумақта жұмыс атқарды. 

2012 жылы ақпан айында Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы), Ордабасы ауданының елді мекендерінде су басу салдарын жою үшін жіберілген жинақтық жедел-құтқару тобына жетекшілік етіп, суды сорып шығару, тұрғындарды құтқару және құнды мүліктерді аман сақтап қалу жұмыстарын ұйымдастырды. Осы әрекеті үшін М.Айманов су басу салдарын жоюға белсенді қатысқаны үшін, ҚР ТЖМ 2012 жылғы 26 сәуірдегі №222 ж/қ бұйрығымен «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» кеуде белгісімен марапатталды.

Ал 2016 жылдың 3 сәуірінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар комитетінің сол кездегі төрағасы азаматтық қорғау полковнигі В.Беккердің шұғыл тапсырмасымен Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінен Солтүстік Қазақстан облысына авариялық-құтқару және өзге де кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу үшін жалпы саны 30 дан астам адам және 4 дана техника,  лай суды сорып шығаруға арналған 2 мотопомпа секілді күштермен және құралдармен аттанады. Жауынгерлік есепті Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру мекемесінің бөлім бастығы Мейржан Айманов бастап шыққан болатын.

Жамбыл облысының құтқарушылары солтүстік Қазақстан облысындағы су басқан елді мекендердегі төтенше жағдайларды жою бойынша жұмыстарын жүргізді.  Аталған құтқару тобы Петропавловск қаласынан шалғай орналасқан елді мекендерде, яғни Аққайың ауданы, М.Жұмабаев ауданындағы Бейнеш ауылы, Степное ауылы, Тимирязевка ауданы және аудан орталығында кезек күттірмейтін жұмыстар атқарды. Өрт сөндіруші құтқарушылар күрделі жағдай орын алған аумаққа бөліне жұмыс атқарды. Жұмыс барысында Жамбыл облысының құқарушыларымен  111 мың  кубтан астам су сорып шығарылып, жағалауды бекіту үшін 800 ден астам қапқа құм толтырылды, сондай-ақ 2 шақырымнан астам аумақтағы арналар тазартылды. Су басу аймағынан 18 адам құтқарылды.

Міне осындай халық игілігі мен адамдардың амандығы үшін, құнды мүліктерід құтқару жолында есіл ер Мейіржан Айманов 2021 жылдың 26 тамызында Жамбыл облысы, Байзақ ауданында орналасқан әскри бөлімдегіөрт оқиғасы кезінде өзгелердің өмірін сақтаймын деп жүріп өмірден өте барды. Артында асыл жары жесір, 5 баласы әкесіз жетім атанып, ата-анасы мен бауырлары қайғыдан қан жұтып қала берді. 

Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік есебі, қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары марқұм Мейіржан Какпасынұлы Аймановқа Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» бен «Отан ордені» тапсырылды. 

Сен біздің жүрегіміздесің ЕСІЛ ЕР!

 

 

Жамбыл облысы ТЖД баспасөз қызметі