Алматы облысында газ құю станциясында өрт шықты

Алматы облысында газ құю станциясында өрт шықты

2023 жылы 19 тамыз күні сағат 17:50-де Еңбекшіқазақ ауданы, Саймасай ауылы, Рысбеков көшесі 1а мекен-жайы бойынша орналасқан "Өтебаева" ЖК Саймасай ауылының газ құю станциясында газ баллоны жанып, аумағында орналасқан сақтау және сату үшін арналған контейнерлік үлгідегі қоймаға көшкен. Газ баллондарының жаппай жануы (шамамен 40 дана) және жоғары температураның пайда болуының нәтижесінде өрт қойманың жанында орналасқан газбен толтырылған 3 текше метрлік "ЗИЛ" маркалы газ құю машинасына ауысты. Сонымен қатар, қоймада әртүрлі сыйымдылықтағы шамамен 260-300 дана газ баллондары болған. Сондай-ақ, қойманың жанында газбен толтырылған 4 текше метрлік жерасты қоймасы орналасқан. Оқиға орнынан 30 метр қашықтықта орналасқан тұрғын үй алабына жарылыс және өрт таралудың жоғары қаупі болды. Оқиға орнына алғашқы бөлімшелер келгеннен кейін жедел іс-әрекет нәтижесінде газ құятын автомобильдің, газы бар жерасты қоймасының, сондай-ақ қоймадағы қалған баллондардың жарылу қаупі алдын алынды.

Өрт орнына жоғары шығу дәрежесі бойынша шығу кестесіне сәйкес бөлімшелер жіберілді. Өрт сағат 18:28-де оқшауланып, сағат 18:45-те толығымен жойылды.

Өрт салдарынан газ құю станциясының 2 қызметкері әртүрлі дәрежеде күйік алып, жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.

 

Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі