Өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың кәсіби шеберлігі мен беделін арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 9-11 тамыз аралығында Өртке қарсы қызмет комитеті «Үздік өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі мемлекеттік инспектор» ХХIV жыл сайынғы республикалық конкурсын ұйымдастырды және өткізді.
Оған министрліктің аумақтық бөлімшелерінде ұйымдастырылған байқаудың бірінші кезеңінің жеңімпаздары атанған Төтенше жағдайлар басқармалары мен бөлімдерінің қызметкерлері қатысты.
Байқау төрт кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар өз қызметі туралы алдын ала дайындалған бейне визиткаларын көрсетті. Екінші кезеңде қатысушылар заңнама талаптары бойынша тестілеуден өтті. Үшінші кезеңде конкурсанттар объектіге бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізді, оның нәтижелері бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарының анықталған бұзушылықтарын жою туралы нұсқама рәсімделді. Ал соңғы кезеңде қатысушылар комиссия алдында профилактикалық бақылау нәтижелерін қорғады.
Үш күнге созылған байқауды қорытындылай келе, қазылар алқасы өз ісінде үздіктерді анықтады.
Байқау қорытындысы бойынша 1 орынды БҚО ТЖД Орал қаласы ТЖБ бас маманы Н.У. Серіков, ІІ орынды ШҚО ТЖД Өскемен қаласы ТЖБ бас маманы Д.Е. Сейтхазин және ІІІ орынды Ақтөбе облысы ТЖД Ақтөбе қаласы ТЖБ Алматы ауданы ТЖб бастығы иеленді
Министр атынан жеңімпаздарға марапатты Министрлік аппараты басшысының міндетін атқарушы генерал-майор Б. М. Сыздықов салтанатты түрде табыс етті.
Басқа қатысушыларға Министр атынан алғыс хаттар табысталды
ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті