ТЖ қызметкері 7 жасар баланы құтқарды

ТЖ қызметкері 7 жасар баланы құтқарды

Оқиға 27 шілдеде Бадам өзенінде орын алды, онда Тұран ауданы ТЖ басқармасының қызметкерлері судағы қауіпсіздік бойынша рейдтік іс-шаралар өткізді. 

Жеті жасар бала ата-анасының қарауынсыз, балалар тобымен бірге Бадам өзеніндегі каскадты тірек құрылымының жоғарғы бөлігінде шомылды. Бұл жерде шомылуға тыйым салынған және өмірге қауіп төндіреді.  Қала әкімінің қаулысына сәйкес шомылуға тыйым салынған 13 орын анықталды. Бадам өзені осындай орындардың бірі, оның бойында тыйым салу белгілері бар.

Баланың аяғы тайып кетіп,  тіреуіштің түбіне құлап, шыға алмады. Тұран ауданы ТЖ басқармасының қызметкері азаматтық қорғау капитаны Рауан Ордабек рейд барысында оны дер кезінде көріп, қауіпсіз жерге арқалап шығарды. Балаға медициналық көмек қажет емес еді.

 Құтқарушы мамандығы оңай емес. Мұнда болаттай мінез, батылдық пен ержүректік қажет.   Құтқарушы тек мамандық емес, бұл өз ісіне деген ықылас. Рауан Ордабек бұған сенімді, ол бірнеше адам өмірін сақтап қалған нағыз батыл, ержүрек маман.

Тұран ауданы ТЖ басқармасының қызметкерлері Бадам өзенінің бойында рейдтерді тұрақты жалғастыруда. Шомылу маусымының барлық кезеңінде 60 рейд өткізілді. Нәтижесінде полиция қызметкерлерімен бірлескен рейдтер кезінде Тұран ауданы бойынша әкімшілік жауапкершілікке 8 адам тартылды.

 

Шымкент қ. ТЖД қоғаммен байланыс жөніндегі тобы