Түркістан облысында жоғалған туристің денесін түсіру жұмыстары басталды

Түркістан облысында жоғалған туристің денесін түсіру жұмыстары басталды

Бүгін Түркістан облысы ТЖД құтқарушыларының күшімен теңіз деңгейінен шамамен 3800 метр биіктіктен 2023 жылғы 3 шілдеде жоғалған 1967 жылы туған ер адамның денесі табылды, ол таудың басынан түсіп келе жатқанда арқан үзіліп, турист мұз бойымен домалап, еңіске құлаған болатын.

Қазіргі уақытта оны жаяу түсіру жұмыстары жүргізілуде. Тауда қалыңдығы 20 см қар жамылғысының жатуы, жер бедері таулы, тасты болуы түсіру жұмыстарын қиындатуда.

Таулы шатқалдардың тік орналасуы және көптеген табиғи кедергілер құтқарушылардың қимыл-қозғалысын қиындатады.

Іздеу жұмыстарына Түркістан облысы Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен Альпинизм федерациясының кәсіби альпинистері жұмылдырылды.

Жалпы, Сайрам шыңы-батыс Тянь-Шань жүйесіне жататын Өгем жотасының ең биік нүктесі. Оның биіктігі 4238 метрді құрайды. Оның шыңына жету қауіпті, оны тек кәсіби альпинистер бағындыра алады.

ТЖМ құтқарушылары таудағы қауіпсіздік ережелерін еске салады: тауға барар алдында маршрутты және ықтимал қауіпті учаскелерді мұқият бағалап , ауа-райы жағдайлары мен жеке дене даярлығын ескеру қажет. Төтенше жағдайларға дайын болу және уақтылы қауіпсіздік шараларын қабылдау қажет. Топтан бөлінбей, бірге жүрген дұрыс. Жүру жылдамдығы топтағы баяу жүретін адамның жүрісіне байланысты анықталады.   Өтпе жолдарды күндіз жол жақсы көрінетін кезде еңсерген жөн. Қауіпті учаскелерді, жылдам ағатын өзендерді және жырақтарды сенімді сақтандыру мен жабдықтар болған жағдайда ғана бағындыруға болады. Қауіпті жартасты жерлерді қауіпсіздік пен сақтандыру ережелерін қатаң сақтай отырып, өте қажет болған жағдайда ғана бағындырған жөн.

 

Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі