ТЖМ командасы «Айбын-2023» жастар әскери-патриоттық слетінің жеңімпазы атанды

ТЖМ командасы «Айбын-2023» жастар әскери-патриоттық слетінің жеңімпазы атанды

«Айбын-2023» IX Халықаралық әскери-патриоттық жастар слетінде Қазақстан Республикасы ТЖ министрлігі атынан қатысқан қарағандылық «Жас Ұлан» командасы 1-орынға ие болды.

Оқу-жаттығу жиыны 2023 жылғы 17 маусым мен 23 маусым аралығында Қарағанды ​​облысындағы Спасск оқу орталығында өтті. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери-патриоттық клубтары командалары арасындағы жарыста еліміздің әр өңірінен 16 команда мен Өзбекстаннан келген команда біріншілік үшін бақ сынады.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің командасы сапында «Жас Ұлан» әскери-патриоттық клубы қатысты. Команда мүшелері – Қарағанды ​​қаласындағы Нұркен Әбдіров атындағы орта мектептің оқушылары.

Жарысқа зияткерлік және шығармашылық тапсырмалар, әскери-спорттық сынақтар, робототехника, ату, қару-жарақ пен жеке қорғаныс құралдарын білу және т. б. жарыстар кірді.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери-патриоттық клубтарының командалары арасындағы табанды күрестің қорытындысы бойынша біздің жігіттер құрметті бірінші орынды иеленді.

Қарағанды облысының ТЖД баспасөз қызметі