2023 жылғы 8 маусымда Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді.
Сапар бағдарламасына сәйкес министр облыс әкімі Айдарбек Сапаровпен кездесті. Кездесу барысында СҚО азаматтық қорғау жүйесін дамыту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, Министр облыс орталығына жақын жерде салынып жатқан құтқару бөлімшелерін, техника мен жүзу құралдарын тұрақты орналастыруға арналған СҚО ТЖД Өрт сөндіру қызметінің Жедел-құтқару жасағы кешеніне барды. Сапар барысында ведомство басшысы болашақ материалдық-техникалық жарақтандыруға, құтқарушылардың тиімді жұмысы мен демалысы үшін қажетті жағдайлар жасауға ерекше назар аудара отырып, құрылыс барысымен танысты. Құрылыс жоспарына сәйкес кешен құрамына құтқару техникасына арналған бокстары, жүзу құралдарына арналған элинг (ангар), кинологиялық қызметтегі иттерге арналған қоршау, жеке құрамға арналған оқу сыныптары, қойма үй-жайлары, қазандық, асхана және қосалқы үй-жайлары бар 2 әкімшілік ғимарат кіреді. Құрылыс аяқталған кезде кешеннің жалпы ауданы шамамен 1200 шаршы метрді құрайтын болады.
Юрий Ильин Петропавл қаласының Береке шағын ауданындағы өрт сөндіру депосы кешенінің құрылыс аумағына барды. Облыс орталығының қауіпсіздігі үшін осындай маңызды объектіге 4 өрт сөндіру автокөлігіне арналған бокс, бөлімнің өрт сөндірушілерінің жұмысы мен демалысы үшін қажетті үй-жайлар, қызметкерлер үшін тұрғын үй кіретін болады.
Жобаны іске асыру 27000-нан астам тұрғыны бар Петропавл қаласының оңтүстік-шығыс бөлігін сенімді өртке қарсы қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін болады. Ведомство басшысы депоның жауапкершілік аймағына орта мектептер, балабақшалар, салынып жатқан емхана, ондаған кәсіпорындары бар өнеркәсіптік аймақ, жақын және алыс шетелдердің көліктерінің үлкен транзитін өткізетін республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдар сияқты маңызды объектілер кіретінін атап өтті.
«Жобаларды іске асыру халықтың әлеуметтік-экономикалық өмір сүру жағдайларына, экономиканың барлық салаларының дамуына бірқатар оң әсер етеді. Төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға ықпал етеді», - деп Юрий Ильин атап өтті.
Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД баспасөз қызметі