Әнші Жұбаныш ЖЕКСЕНҰЛЫ: «Құтқарушыларға құрметім шексіз»

Әнші Жұбаныш ЖЕКСЕНҰЛЫ: «Құтқарушыларға құрметім шексіз»

Жұбаныш Жексенұлы – халықты әнімен әлдилеген қазақы болмыстағы әнші. Оның табиғат сыйлаған қоңыр даусы өзгеден ерек. Әндерін тыңдай бергің келеді... Ұлтжандылық, туған жерге, ауылға деген сағыныштан құралған әндері жүректі шымырлатады. Ол «Өкінбе сен», «Нұрикамал», «Ауылым», «Өмір-өзен», «Қазақстаным!», «Жауынгерлер әні», «Тамшы» сияқты әндерімен көпке танымал. Біз осы орайда эстрада жұлдызымен сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Жұбаныш Жексенұлы, қазақ ән өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген әншісіз. Жалпы шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

– Біздің әнші болып, киелі сахнада жүруіміз ең бірінші халықтың арқасы дер едім. Құдайдың берген дарыны мен еселі еңбектің де үлесі зор. Өнер адамы үнемі ізденіс үстінде жүруі керек. Заманмен бірге дамып, қоғаммен бірге өмір сүре білген жөн. Оның үстіне карантин кезінде халық өнерге шөліркеп, әнші-бишілерді сағынып қалды.

Менің «Жолдар» деген жаңа ән альбомым тыңдарманға жол тартты. 2023 жылы Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Өскемен қалаларында «Jaja band» эстрадалық ансамблімен бірге жанды дауыста жеке шығармашылық концертімді бердім. Халықтың құрмет-қошеметін көру, тыңдарманға керемет көңіл-күй сыйлап, ән әлемінде тербету әнші үшін бір бақыт. Бұл бастама өз жалғасын табар деп сенемін.

– Соңғы кезде қазақтың қара домбырасымен және гитараның сүйемелдеуімен өзгеше стильде ән салып жүрсіз. Алда тыңдарманға қандай жаңа әндер сыйлайсыз?

– Халық қашанда дәстүрлі өнерге жоғары баға береді. Шөліркеген тыңдарманға қазақтың халық әндерін ұсынуды әнші ретіндегі азаматтық міндетім деп санаймын. Сондықтан да өзімнің ән қоржынымды патриоттық сарындағы және туған елге, ауылға арналған әндермен қатар, халық әндерімен де толықтырдым.

Алдағы уақытта реп жанрындағы тамаша әндерді тыңдармандарыма ұсынбақпын. Жалпы, шығармашылығымда көптеген өзгерістер болады. Ол үшін тынбай еңбектенудемін.

– Жалпы өрт сөндіруші-құтқарушылар туралы ойыңыз қандай? Олардың еңбегін қалай бағалар едіңіз?

– Төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері туралы Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жақсы таныспын. Көгілдір экраннан, ғаламтор желісінен де өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ерен ерлігі туралы көп көремін. Жалпы, өрт сөндіруші-құтқарушылар нағыз бүгінгі күннің батыры дер едім. Өйткені олар қауіп пен қатерге қарамай, асқан батылдықпен адамдарды от пен судан, түрлі апаттан құтқарады. Қызметіне адал, қаһарман жандар екені анық. Тәуекелдің кемесімен кез-келген кедергіні бұзып-жаратын қас батырлар дер едім. Әлеуметтік желілерде де құтқарушыларға, өрт сөндірушілерге алғысын жаудырып жатқан жандарды көп көремін. Алғыс арқалаған батырларымыз аман болсын! Өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға деген құрметім шексіз.

– Концерт кезінде пиротехникалық от шашуды пайдалану қаншалықты дұрыс? Жеке концерт берген кезде қауіпсіздік ережесінің сақталғанын қадағалайсыз ба?

– От шашу деген көрерменнің көз жауын алып, керемет көңіл-күй сыйлайды. Сондықтан да концерттерде пиротехникалық от шашуды пайдалану керек деп ойлаймын. Ал оны орнатып, кешті әрлейтін адамдар қауіпсіздік ережесін толығымен сақтайды. Мен де жеке концертімді бергенде сол жауапты мамандарға сенім артамын. Барлығы талапқа сай болады.

– Отбасында қауіпсіздік ережесін сақтайсыздар ма? Балаларға сақтық шарасы туралы үйреткен дұрыс па?

– Мен өзім қай жерде, қай уақытта болсын, сақтық шарасын сақтап, қауіпсіздік ережесін бұзбауды қатты қадағалаймын. Мұндай қарапайым қағиданы әр азамат білетін де шығар. «Сақтансаң, сақтаймын» деген сөздің мәнін ұғып, ұқыпты болсаң жетіп жатыр. Электр, газ құбырларын қосу не жөндеу керек болып жатса, дереу арнайы мамандарды шақыртамын. Қандай да бір ақау шықса да, өз бетімше жөндеуге тырысқан емеспін. Ал табиғат аясы мен суға шомылғанда ата-аналары мен ересектер балаларды көзден таса қалдырмауы керек. Тіпті сіріңкені балалардың қолы жетпейтін жерге қоюдың өзі қауіпсіздікті сақтау болып табылады. Ал балаларға сақтық шарасын үйреткен дұрыс деп санаймын.

Күні кеше Түркиядағы алапат жер сілкінісі қаншама адамның өмірін жалмады. Бар әлемнің назарын өзіне аударған жер дүмпуі жергілікті халықтың қабырғасын қайыстырып-ақ кетті. Қазақстан жұрт болып жабылып бауырлас елге көмек көрсетті. Мұндай төтенше жағдай ешбір елде қайта тіркелмесе екен деймін.

Әрдайым тыныш та бейбіт өміріміздің, жақын-туыстарымыздың, бір-біріміздің қадірімізді біліп жүрейік! Азаматтық қорғау саласы қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тілеймін! Өрт сөндірушілер мен құтқарушыларымыз халықтың ыстық ықыласы мен алғысына бөлене берсін!

– Сұхбат бергеніңізге рахмет! Шығармашылық табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан Айгүл ӘЖІБАЕВА

"Қазақстан құтқарушылары" журналы, № 4(76), сәуір 2023 ж.