Азаматтық қорғау академиясының тағы бір түлегі Базарбай Еламан Серікұлы. Ол 2002 жылдың 16 маусымында Алматы қаласында дүниеге келді. Болашақ мамандығы жайында 10-сыныпта оқып жүрген кезде ойлана бастады. Ол уақытта Еламан бокспен айналысып, бапкер болуды армандап жүрген болатын. Бірге оқитын жақын досы, әрі сыныптасы Азаматтық қорғау академиясына түсу жағын зерделеп жүрген еді. Досы оған осы оқу орны туралы айтып, бірге оқу туралы ұсыныс жасады. Сонымен қатар 11-сыныпта оқып жүрген кезде Еламан мектептің бір түлегі Азаматтық қорғау академиясына түскенін естіді.
«11-сыныпқа көшкенде бір сынып жоғары оқитын бала мен түсем деп жүрген академияға оқуға түскенін естідім. Сол баланың анасы да, әкесі де біздің мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін. Ол кісілерді көрген сайын баласының оқуы жайлы сұрап, қатты қызыға бастадым. Сөйтіп, ата-анаммен ақылдастым, олар да мені бірден қолдады», - деп жас офицер Еламан Базарбай еске алды. Қысқы демалыста сол бала курсант болып, мектепке келіп, академияға оқуға түсу туралы үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Курсант баланың формасына қарап, Еламанның қызығушылығы одан әрі арта түсті. «Сол сәттен бастап мен дәл осы Азаматтық қорғау академиясына оқуға түсемін деп нақты шешім қабылдадым. Оқуға түсуге құжаттар жинадым. Оқуға түсу менің арманыма айналды. 4 жыл 4 күндей өте шығып, бүгінде лейтенант шенін алдым»,- деп Еламан айтты.
ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы
Азаматтық қорғау академиясының
баспасөз қызметі