Шымкентте жалпықалалық сейсмикалық оқу-жаттығу аясында сағат 11:00-де жыл сайынғы жалпықалалық сейсмикалық оқу-жаттығуды бастайтын құлақтандыру жүйесі қосылды. Сиреналар, теле, радиоарналарды қармау және "Дәрмен" мобильді қосымшасы арқылы риѕһ-хабарламалар тарату арқылы халыққа ақпарат таратылды.
Сейсможаттығу Қаратау ауданындағы Нұртас шағын ауданындағы тұрғын үй кешенінде басталып, шартты түрде орын алған 7 балдық жер сілікінсі кезінде тұрғындар қауіпсіз орындарға эвакуацияланды. Осы сценарий бойынша жүргізілген оқу-жаттығудың барысын Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, ТЖ департаментінің басшылық құрамы және қалалық азаматтық қорғау қызметтерінің басшылары бақылады.
Жер сілкінісі салдарынан шартты түрде жартылай қираған мекенжайға Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен 16 бірлік негізгі, арнайы және қосалқы өрт сөндіру автокөлігі және жеке құрамның 65 адамы келіп жетті. Бірінші келіп жеткен күштер мен құралдар ғимараттың батыс беткейінен қауіпсіз аймаққа өрт сөндіру автокөліктерін орнатып, шұғыл түрде барлау жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды эвакуациялауға кірісті. Көпқабатты тұрғын үйдің 6 қабатында шартты түрде өрт сөндіріліп, 10 адамды құтқарып, қауіпсіз аймаққа шығарды және жетіп келген жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында альпинисттік құрал-саймандарымен жоғарғы қабаттан зардап шеккен адамды түсіріп, жедел жәрдем көлігіне жеткізді. Бұл практикалық іс-шараға Шымкент қаласы ТЖ департаментінен 18 техника, 70 адам, қалалық азаматтық қорғау қызметтерінен 28 техника, 65 адам жұмылдырылды.
Сейсмикалық оқу-жаттығу барысында эвакуацияланған халықты эвакуациялық-жинау пунктіне жеткізді. Қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектептің негізінде құрылған эвакуациялық-жинау пунктінің жұмысы іс жүзінде көрсетілді. Қала басшысына пункттің әр тобының жұмысы түсіндіріліп, нақты атқаратын міндеттері практикалық тұрғыдан көрсетілді.
Баспанасыз қалған халықты уақытша орналастыру үшін қала сыртында құрылған шатырлы қалашыққа жеткізді. Қалалық 21 азаматтық қорғау қызметтері өз бағыттары бойынша жұмыстарын көрсетті. Сейсмикалық оқу-жаттығуды қорытындылап, қала әкімі Мұрат Әйтенов алдағы уақытта әрбір аудан аумағында тоқсан сайын сейсможаттығуларды өткізуді тапсырды.
Бұл іс-шара бірінші кезекте болуы ықтимал жойқын жер сілкінісі кезінде халықтың іс-қимылдарын пысықтауға, жедел ден қоятын қызметтердің күштері мен құралдарының дайындығын тексеруге бағытталатын болады.
Шымкент қ. ТЖД Қоғаммен байланыс тобы