Елімізде шомылуға рұқсат етілген 533 орын анықталды. Тағы 133 орын жасау жоспарлануда

Елімізде шомылуға рұқсат етілген 533 орын анықталды.  Тағы 133 орын жасау жоспарлануда

2023 жылғы 26 сәуірде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Шомылу маусымы кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Баспасөз конференциясына ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Мәдиұлы Сыздықов қатысты.

Бауыржан Мәдиұлы атап өткендей, еліміздің су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ТЖМ мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, алдағы шомылу маусымында су айдындарында төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту бойынша алдын ала жұмыс басталып, кешенді ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар өткізілуде.

Бүгінгі таңда елімізде шомылуға рұқсат етілген 533 орын анықталды, оның ішінде 154 коммуналдық, 316 жеке, 63 спорт және туристік мақсаттағы жағажай. Суға шомылу маусымы басталғанға дейін әкімдіктер шомылуға рұқсат етілген 133 орын, оның ішінде 30 коммуналдық және 103 жеке жағажай жасау жоспарлануда. Қазақстанда азаматтар шомылу және демалу үшін пайдаланатын 50 мыңнан астам су айдыны бар. ТЖМ құтқару бөлімшелері кәсіби құтқарушылар қызмет атқаратын азаматтар пайдаланатын су айдындарының 85 учаскесін бақылайды. Биылғы жылы министрліктің 70 мобильді құтқару бекеті қойылатын болады. Бұдан басқа, әкімдіктермен және су маңындағы демалыс орындарының иелерімен бірлесіп министрліктің жедел-құтқару жасақтарында даярлықтан өткен қоғамдық құтқарушылар есебінен 200-ден астам объектілік құтқару бекеті жабдықталуда.

Жыл басынан бері еліміздің су айдындарында 44 адам, оның ішінде 6 бала құтқарылды.  Бүгінгі күні, өкінішке орай, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан адамдардың қаза болу фактілері тіркелді, 9 адам, оның ішінде 2 бала суға батып кетті. 

Коммуналдық және жеке жағажайларда зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған медициналық пункттердің жұмысы ұйымдастырылатын болады. Коммуналдық жағажайларда қауіпсіз балалар жағажайларын дайындау аяқталуда, онда құтқарушылар балаларға жүзу дағдыларын үйретеді. Сондай-ақ, суда адамдардың қаза болуына жол бермеудің маңызды тәсілі суда тыйым салынған демалыс орындарында ТЖМ және ІІМ, ЖАО өкілдерімен және волонтерлермен бірлескен рейдтер және патрульдеу жүргізу болып табылады. Қазірдің өзінде 20 мыңнан астам патрульдер мен рейдтер жүргізілді. Олардың нәтижелері бойынша 184 бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Судағы төтенше жағдайлардың санын азайту жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізу ел басшылығының, Үкіметтің, ТЖМ-нің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында.

ТЖМ азаматтарға судағы қарапайым қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын сақтауға кеңес береді.

 

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі