Марапат өз иесін тапты

Марапат өз иесін тапты

ТЖ министрі Юрий Ильиннің бұйрығымен Тараз қаласы Полиция басқармасының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы екі баланы құтқарғаны үшін марапатталды.

Марапаттау Жамбыл облысы ТЖ департаментінде өтті.

Қайрат Тұрлыбаев «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды.

Жамбыл облысы ТЖ департаментінің бастығы ҚР ТЖ министрі Юрий Ильиннің атынан және өз атынан наградталған адамға өзінің кәсіби міндеттеріне жауапкершілікпен қарағаны және азаматтық борышын орындағаны, қырағылық,табандылық және игі іс жасағаны үшін алғыс білдірді

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 31 наурызында БАҚ-та учаскелік полицейдің ерлігі туралы мақала жарияланды.  Қайрат Тұрлыбаев 2022 жылғы желтоқсанда мұз астына түскен екі баланы құтқарғаны белгілі болды.

Бұл 2022 жылдың 28 желтоқсанында болды. Сол күні кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспектор әдеттегідей жұмысқа барған болатын. Санырақ батыр көшесімен каналдың жанынан өтіп бара жатып, көліктің сәл ашық терезесі арқылы балалардың көмек сұрап айқайлағанын естіді.

Ол ойланбастан көліктен шығып, каналға қарай жүгірді. «Жақын жерде мен шамамен 9-10 жас аралығындағы екі ұлдың суық суда тұрып, мұздың шетінен ұстап, айқайлағанын көрдім», - деп ол айтып берді.

Полиция қызметкері жылдам суға кіріп, ұлдарды бірінен соң бірін шығарып, үйіне ата-анасына апарды.

Үсті-басы су болған полиция лейтенанты Қайрат Тұрлыбаев формасын ауыстырып, болған оқиға туралы ешкімге айтпастан қызметін жалғастырды.

Полиция қызметкерінің бұл әрекеті туралы құтқарылған ер балалардың ата-аналары айтты.

 

                                     Жамбыл облысы ТЖД баспасөз қызметі