Құтқарушылар баланы құтқарып анасына табыстады

Құтқарушылар баланы құтқарып анасына табыстады

Ағымдағы жылдың 30 наурызында Жамбыл облысы, Қаратау қаласындағы құрылысы бұзылған ғимарат маңында ойнап жүрген кәмелет жасына толмаған баланың аяғы саңылауға қысылып қалған. Аяғын өздігінен шығара алмаған бала айқайлап анасын көмекке шақырған. Анасы да көмектесе алмағандықтан, құтқарушыларды көмекке шақырған. Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары оқиға орнына шұғыл жетіп, авариялық-құтқару құралдарының көмегімен баланы құтқарып, анасына табыстады. Анасы да өз кезегінде жедел әрекет еткен құтқарушыларға алғысын білдірді.

ТЖМ ескертеді! Құрметті ата-аналар! Балаларды қараусыз қалдырмаңыз, балаларыңызға сақ болыңыз, сондай-ақ қауіпті және қараусыз қалған жерлерде ойнауға жол бермеңіз!

Сондай-ақ өткен тәулік ішінде облыстың өрт сөндіруші-құтқарушылары Жаңатас қаласында және Шу ауданы, Қонаев ауылының маңында автокөліктегі өрттерді сөндіру жұмыстарына шыққан. Олар мұнан өзге қураған шөп пен қоқыстың жану оқиғасына 2 рет, тұрғын үйдегі түтінді тазарту жұмыстарына 1 рет, есік ашу жұмыстарына 1 рет шыққан.

Осыған орай Жамбыл облысы ТЖ департаменті облыс және қала тұрғындары мен қонақтарына үйден шығарда газ және электр құралдарын қуат көзінен ажыратуды естен шығармай, мүмкіндігінше қарттар мен балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды. Ал өрт немесе төтенше жағдай туындағанда «101» және «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалу қажет.  

Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және

авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің

Қоғаммен байланыс тобы