Ақтөбе облысындағы су тасқынына қарсы жұмыстар

Ақтөбе облысындағы су тасқынына қарсы жұмыстар

Ақтөбе облысында тұрғын үйлер мен аула аумақтарынан су сору жұмыстары жалғастырылуда.

Қазіргі таңда Қобда ауданының Қобда ауылында тартылған күштер мен құралдармен 13 тұрғын үйден су сору жұмыстары жалғасуда. Тартылған күштер мен құралдардың жұмысын су басқан үйлердің ойпат жерлерде орналасуы, сонымен қатар ойпат жерлерде еріген қар суының көп мөлшерде жиналу фактісі қиындатады.

Бұған дейін эвакуацияланған 12 адам уақытша эвакуациялау пункттерінде, 79 адам туыстарының үйлеріне орналастырылды. 365 адам өз үйлеріне оралды.

Өткен тәулікте 362 текше метр еріген қар суы сорылды, инертті материал салынған 850 қап төселді. Жұмыстарға жергілікті атқарушы органдар мен ТЖ департаментінің жеке құрамынан 100-ден астам адам мен 10 бірлік техника жұмылдырылды.

Бүгін 26 наурызда Қобда кентіне ТЖ департаментінен 32 адам мен 12 бірлік техникадан, оның ішінде су сору құралынан тұратын қосымша күштер мен құралдар жіберілді.

2023 жылғы 14-26 наурыз аралығында Ақтөбе облысында 614 541 м3 су сорылды, 29 333 дана қапшық төселді. 1 учаскеде су бұруға арналған траншеялар қазылды, ұзындығы 3600 м жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді, 15 286 м3 инертті материал әкелінді, ұзындығы 325 метр уақытша бөген салынды. Қобда өзеніне ұзындығы 1000 метр су бұру каналы салынды. 593 550 мың текше метр қар шығарылды.

Жағдай тұрақты бақылауда.

Өңірде көктемгі су тасқыны кезеңінде жедел шаралар қабылдау мақсатында облыстық су тасқынына қарсы штаб тәулік бойы жұмыс істейді.

«Жедел желі» телефоны жұмыс істейді, оған ақпараттық сипаттағы 135 қоңырау түсті.

Жалпы, Ақтөбе облысы бойынша су тасқыны кезеңі басталғанға дейін жүргізілген су өткізгіш құбырларды орнату, арық жүйесін тазарту, қар шығару бойынша су тасқынына қарсы алдын алу іс-шаралары су тасқыны қаупін азайтуға ықпал етті.

Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан инженерлік және басқа да жұмыстар температуралық фонның күрт жоғарылауымен және топырақтың максималды қату көрсеткіштері жағдайында қардың күрт еруімен байланысты күрделі гидрометеорологиялық жағдайларда жағдайды тез тұрақтандыруға ықпал етеді.

Су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда.

Сонымен қатар, Қазгидрометтің ақпаратына сәйкес температуралық фонның жоғарылауына және жауын-шашынның болжануына байланысты 27-29 наурыз аралығында Ақтөбе облысында (Қобда, Мәртөк, Қарғалы, Хромтау, Әйтеке би, Ойыл, Алға және Ақтөбе қаласының ауданы) қардың қарқынды еруі, еріген су ағынының қалыптасуы, мұз құбылыстарының әлсіреуі және өзендерде су деңгейінің көтерілуі күтілуде, су тасқыны мен су басу орын алуы ықтимал.

                                                                                       

 

Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметі