Атырау және Маңғыстау облыстары ТЖД күштері мен құралдары тұрақты жұмыс орнына аттанды

Атырау және Маңғыстау облыстары ТЖД күштері мен құралдары тұрақты жұмыс орнына аттанды

Атырау және Маңғыстау облыстары ТЖД күштері мен құралдары тұрақты жұмыс орнына аттанды. Олар бұған дейін су тасқыны салдарын тез арада жою үшін Батыс Қазақстан облысына жіберілген болатын.

Су тасқыны кезеңінде авариялық-құтқару және эвакуациялау жұмыстарын жүргізуге белсенді қатысқаны үшін екі өңірдің құтқарушылары Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Өңір басшысы көрші облыстардың құтқарушыларының халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жалпы іске қосқан үлесін жоғары бағалады. Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Утегенов алғыс хаттарды табыс ете отырып, әріптестеріне алғысын білдірді.

Атырау және Маңғыстау облыстары ТЖД құтқарушылары төрт күн бойы халықты, малды, материалдық құндылықтарды қауіпсіз жерге эвакуациялау бойынша жұмыстарды жүргізді, Бөрлі, Қаратөбе аудандарының елді мекендерінде және Орал қаласында тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар объектілерді еріген қар суынан қорғау бойынша жұмыстар жүргізді. Олар Казталов ауданында еріген қар  суын бұру және сору, құм салынған қаптарды төсеу жұмыстарын атқарды.

Авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстар жүргізуге екі өңірден жұмылдырылған күштер мен құралдардың жалпы саны жеке құрамнан 100-ден астам адам мен 30-дан астам бірлік техниканы құрайды.

Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысы ТЖД және жергілікті атқарушы органдары Жайық, Шаған, Үлкен және Кіші Өзен трансшекаралық өзендерінің деңгейіне мониторинг жүргізілуде. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар комиссия құрып, тиісті алдын алу жұмыстарын жүргізуде.

 

Батыс Қазақстан облысы ТЖД баспасөз қызметі