Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны жағдайы туралы ақпарат

Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны жағдайы туралы ақпарат

Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар бойынша белсенді жұмыстар жалғасуда.

«Бір тәулік ішінде жұмыстар Орал қаласы мен облыстың 5 ауданында – Ақжайық, Бөрлі, Қаратөбе, Казталов және Бәйтерек аудандарында жүргізілді, инертті материал салынған қаптарды дайындау және төсеу жұмыстары жалғасуда. Жалпы инертті материал салынған 5000-нан астам қап төселді, қосымша 4 000-ға жуық қап дайындалды, 75000-нан астам текше метр су сорылды. Су тасқыны кезеңінің басынан бастап Батыс Қазақстан облысы бойынша 500 000 текше метр су сорылды. Тартылған күштер мен құралдардың жедел іс-қимылының арқасында бұрын су басқан 57 тұрғын үйден су сору жұмыстары аяқталды, бұрын эвакуацияланған 275 адам өз үйлеріне оралды, 22 адам туыстарының үйлерінде қалуда. Жағдай тұрақты бақылауда. Сонымен қатар, су тасқыны салдарын жою жұмыстары 20 саяжай аумағында жүргізілуде»,-деді Батыс Қазақстан облысы ТЖД бастығы Ернұр Утегенов.

Қазіргі уақытта Дерқұл, Шаған және Шыңғырлау өзендері арналарындағы су деңгейіне мониторинг жүргізілуде. Су деңгейінің күрт көтерілуі байқалмайды. 11 бақылау гидробекеті қойылды, олардың көрсеткіштері бойынша жедел шешімдер қабылдануда.

 

Батыс Қазақстан облысы ТЖД баспасөз қызметі