
2023 жылғы 1 наурызда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «1 наурыз – Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Спикер болып ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс комитетінің төрағасы Сыздықов Бауыржан сөз сөйледі.
«Азаматтардың қауіпсіздігі мәселелеріне жұртшылықтың назарын аудару, төтенше жағдайларды болдырмау және орын ала қалған жағдайда қауіпсіз жүріп-тұру ережелерін дағдылау мақсатында жыл сайын Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні атап өтіледі», деп атап өтті Комитет төрағасы.
Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні жыл сайын белгілі бір ұранмен өтеді. Ағымдағы жылғы ұран: «Тәуекелдерді бағалаудағы ақпараттық технологиялардың рөлі».
Спикер 2022 жылы елімізде әр түрлі санаттағы 14 мыңнан астам тыңдаушы оқытылып, 83 мыңнан астам оқу-жаттығу өткізілгендігін, 4 миллионнан астам көрнекі оқу материалдары шығарылғандығын, 3 мыңға жуық бейнероликтер әзірленіп, қауіпсіздік тақырыбында 2 мыңнан астам билбордтар жасалғанын айтты. Сондай-ақ, 22 мыңнан астам білім беру ұйымдарында 1,6 млн. оқушыны қамти отырып, 9 мыңға жуық интерактивті сабақ өткізілді. Апаттық жағдайлар тақырыбына 16 мыңға жуық жаттығу, сейсмикалық қауіпті аумақтарда 27 мыңнан астам жаттығулар ұйымдастырылды.
Сыздықов Бауыржан азаматтарды үйде әрі қоршаған ортада өзінің және жақындарының қауіпсіздігіне кепіл болатын қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын үйренуге шақырды.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында азаматтық қорғаныс құрал-жабдықтары мен мүлкінің көрмесі өткізілгендігін атап өткен жөн. Бүгін барлық өңірлерде осыған ұқсас көрме ұйымдастырылуда.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметі