ТЖМ Ақсай мен Аюсай шатқалдарында селді ұстап қалатын бөгеттер құрылысының барысы туралы ақпарат берді

ТЖМ Ақсай мен Аюсай шатқалдарында селді ұстап қалатын бөгеттер құрылысының барысы туралы ақпарат берді

БАҚ өкілдері үшін баспасөз турын Қазселденқорғау және Алматы қаласы ТЖД басшылығы ұйымдастырды. Баспасөз турын өткізуге Алматы қаласының сел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоның нақты қызметімен таныстыру себеп болды.

Өздеріңіз білетіндей, Алматы қаласының биік таулы аймағында («Үлкен Алматы», «Ақсай», «Қарғалы» және «Кіші Алматы») 146 мұздық, 50-ден астам мұздақ-мұздық көл бар.

Сел қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мұнда Үлкен Алматы және Ақсай өзендерінің бассейндерінде селді ұстап қалатын екі бөгеттің құрылысы жүргізілуде. Осы өзендердің жоғары жағында 116 сел қауіпті учаскелер, 114 мұздық, 35 мұздақ-мұздық көлдер бар, оның 9-ының жарылыс қаупі бар.

Журналистерге Үлкен Алматы өзенінің жоғарғы ағысындағы, Бостандық ауданы Аюсай өзенінің сағасынан төмен орналасқан бөгеттің техникалық сипаттамалары туралы айтылды.  Оның биіктігі 41 метрден асады, селден қорғау көлемі - 2,3 млн.м3. 

Бұдан әрі Наурызбай ауданына Ақсай селді ұстап қалатын бөгеттің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу орнына барды. БАҚ өкілдеріне бөгеттің макеті көрсетілді, Ақсай өзенінің бассейні, Үлкен Алматы сияқты, сел қаупінің бірінші санатына жататыны туралы ақпарат жеткізілді. Бөгеттің биіктігі – 75 метр, селден қорғау көлемі - 7 млн.м3.

Селді ұстап қалатын бөгеттер құрылысының жоспарлы аяқталу мерзімі 2023 жыл.

Үлкен Алматы және Ақсай өзендерінің бассейндерінің сел қаупi жоғары болып табылады. Олардың әсер ету аймағында 5 мыңнан астам тұрғын мен демалушы, сондай-ақ оңтүстік астананың қонақтары мен қызмет көрсетуші персонал қалуы мүмкін. Сел қаупі бар аймақта жазғы кезеңге аэровизуалды тексерулер жүргізу кезінде тек Үлкен Алматы өзенінің бассейні бойынша мамандар үш мыңнан астам автомашина мен 60 автобусты есептеді.

Өз кезегінде, аталған бөгеттердің құрылысы сел тасқынынан болатын қауіпті барынша азайтуға мүмкіндік беріп, Алматы қаласының Бостандық, Наурызбай, Алмалы аудандары мен Алматы облысы Қарасай ауданының шығыс бөлігінің халқын және объектілерін сенімді қорғауды қамтамасыз ететін болады.

Сонымен қатар, халықты сел қаупі туралы уақтылы хабардар ету үшін екі шатқалдың аумағында 51 дабыл құрылғысы орнатылды.

Алматы қаласы әкімдігінің белсенді қолдауымен соңғы жылдары алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін, Қазселденқорғау қажеттіліктері үшін жергілікті бюджет қаражатынан 2 экскаватор, 10 жылжымалы үй, өнімділігі жоғары 10 сорғы, 2000 метр сифон құбыры және бір жеңіл автокөлік сатып алынды.

 

 

Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметі