Пешті пайдалану ережелерін бұзу салдарынан адам өлімі орын алды

Пешті пайдалану ережелерін бұзу салдарынан адам өлімі орын алды

Тұрғын үйлерде улы газдан уланудың жиі кездесетін себептерінің бірі - жылыту пешін орнату және пайдалану ережелерін бұзу. Жылы кезеңде үй иелері көбінесе пешті жылыту дағдылары мен сақтық шараларын ұмытады. Сондай-ақ, жылыту пешінің өзі уақыт өте келе жарамсыз және ақаулы болып қалады. Нәтижесінде адам өміріне шығын келтіруі мүмкін жазатайым оқиғалар орын алады.

Мәселен, 2022 жылғы 12 қарашада Солтүстік Қазақстан облысында М. Жұмабаев ауданы Хлебороб ауылында жеке тұрғын үйде қатты отынмен жылытылатын пешпен жылытудың ақаулығы салдарынан, яғни түтін мұржасы тазартылмағандықтан улы газдан уланып, 1994 жылы туған азамат орташа ауыр жағдайында ауруханаға жатқызылды.

Павлодар облысында улы газдан уланудың екінші жағдайы орын алды. 2022 жылғы 15 қарашада Ақсу қаласының Евгеньевка ауылында жеке тұрғын үйдегі пештің жарылуы салдарынан көміртегі тотығымен уланып, үй иесінің 2011 жылы туған және 2009 жылы туған балалары ауруханаға жатқызылды.

Адам өмірін қиған өрт қауіпсіздігін бұзудың келесі оқиғасы ағымдағы жылдың 19 қарашасында Қостанай облысында орын алды. Новоильиновка ауылындағы жеке тұрғын үйде қатты отынмен жылытылатын пешті пайдалану ережелерін бұзғандықтан, түтін мұржасының тазартылмауы нәтижесінде көміртегі тотығымен уланып, 1932 жылы туған үйдің иесі қайтыс болды.

Абай облысында ағымдағы жылдың 21 қарашасында Семей қаласының Восточный правый саяжай алабының жеке тұрғын үйінде түтін мұржасының тазаланбауы салдарынан қатты отынмен жылытылатын пешті пайдалану ережелерін кезекті бұзу салдарынан 1965 жылы туған үйдің иесі улы газдан уланып, ауырлығы орташа дәрежеде ауруханаға жатқызылды.

Улы газдан уланудың алдын алу үшін:

* пештегі жарықтарды бітеп, тазаланбаған түтін мұржаларын ретке келтіріңіз, тек ақаусыз жабдықты қолданыңыз;

* желдету жүйесінің жұмысын жүйелі тексеріп, құбырларды уақтылы тазалап отырыңыз;

* газ аспаптары мен жабдықтарын, пештер мен каминдерді орнату кезінде тек кәсіби мамандарға хабарласыңыз.

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі