Семей қаласында бүгінгі күннің батыры Айдос Тоғызбаевтың жанұясы жаңа қонысқа ие болды

Семей қаласында бүгінгі күннің батыры Айдос Тоғызбаевтың жанұясы жаңа қонысқа ие болды

Семей қаласындағы танымал «Азия Фирма» ЖШС бас директоры Сәуле Дускужанова қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші, марқұм Айдос Тоғызбаевтың отбасына 3 бөлмелі пәтер берілетіні туралы қыркүйек айында хабарлаған болатын.

Араға 2 ай салып биылғы жылдың 12 қарашасында «Фирма Азия» ЖШС өкілдері мен облыстық мәслихат депутаты Әсемқан Дускужанов Семей қаласының «Қарағайлы» ықшам ауданында орналасқан тұрғын үйлердің бірінен 3 бөлмелі пәтердің кілтін марқұм Айдос Тоғызбаевтың жұбайы мен балаларына табыстап, жаңа қонысымен құттықтады.

Айта кетейік, 7 қыркүйекте Абай облысының Жарма ауданында дала өртін сөндіру кезінде Айдос Тоғызбаевтың денесін қатты күйік шалып, қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан болатын. Айдос Тоғызбаев ол кезде 36 жаста еді. Марқұмның артында бес баласы мен жары қалды. 

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Айдос Тоғызбаевтың отбасына ҚР Президентінің атынан ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыстады.

 

Абай облысы ТЖД баспасөз қызметі