Елорда көшесіне қаза тапқан өрт сөндірушінің есімі берілді

Елорда көшесіне қаза тапқан өрт сөндірушінің есімі берілді

Астанада көшелердің біріне өрт сөндіруші Саят Абеевтің есімі берілді.
17 қазанда Астанада Құрушылар күніне орай елордалық ТЖД қызметкері Саят Сапарбекұлы Абеевтің есімі берілген көшеде естелік тақта орнатылды. Еске алу іс-шарасына Саят Сапарбекұлының туыстары, азаматтық қорғау органдары ардагерлері, ТЖД басшылығы мен жеке құрамы қатысты. Сондай-ақ іс-шара барысында Саят Абеевтің жақындары, ТЖД қызметкерлері мен ардагерлері ағаш отырғызды.

Өкінішке орай, өртті сөндіру кезінде елордалық өрт сөндірушілер қызметтік парызын орындау кезінде қаза тауып жатады.  2010 жылы  17 ақпанда қорғаныс құрылысында өртті сөндіру кезінде елордалық ТЖД үш бірдей қызметкерінен айырылып қалды. Солардың бірі Саят Абеев. Саят Сапарбекұлы азаматтық қорғау органдарында 1997 жылдан бастап қарапайым өрт сөндірушіден Астаналық ТЖД №3 МӨСБ бөлім бастығының орынбасары лауазымына дейінгі қызметтерді атқарған. Саят мінсіз қызметі және гарнизонның дамуына қосқан қомақты үлесі үшін 2007 жылы III дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған болатын.

Астана қаласы ТЖД баспасөз қызметі