Блюменштейн Андрей Евгеньевич 2018 жылы тіс емдеп жүріп, Ақтөбе қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші болып ауысып, басқа мамандықты таңдағаны көп адамды таңғалдырады. Андрей 1995 жылы Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ақкемер ауылында дүниеге келген. Ұлты неміс болғанымен, жаны – қазақ.
Құтқарушы Андрей өз өмірі бойынша қысқаша тоқталды: «Қазақ ауылында өскен соң, қазақ халқының батырлығын үлгі тұтуға тырысамын. Күшті рух, мықты жігер, қайсысын алсақ та, дәрігер мен өрт сөндірушілерде бар қасиет. Әсіресе, өрт сөндірушілер сол қасиеттер арқылы құтқару қызметін атқарып, адамзатқа үлкен пайда әкеледі. Сондықтан олар өн бойына үлкен жауапкершілікті жүктеп, қолынан келген барлық мүмкіндікті жасайды.
Біріншіден, өрт сөндірушілер адамдарды құтқарады. Білесіз бе, өрт басталды деп хабар келген кезде бірден оқиға орнынан табылу міндетті дүние. Өйткені, қанша адамның өмірі қыл үстінде болуы мүмкін. Оқиға аумағындағы адамдарды қауіпсіз жерге орналастырып, алғашқы медициналық көмекті де көрсетеміз. Осы тұрғыдан қарағанда, дәргерлік мамандықты меңгеруімнің пайдасы алғашқы медициналық көмек көрсеткенде іске асты. Бірден іске кірісіп, өрттің көлеміне қарай 10 минуттан 30 минут аралығында сөндіруге тырысамыз. Тіпті, ең қауіпті аймақтан кішкентай баланы құтқарған кезім де болды. Меніңше, бұндай әрекетке бару үшін ер-азаматқа тән қасиеттерге ие болу керек. Неге десеңіз, бойыңда қорқыныш пен сенімсіздік болса, басқа адам түгілі, өз өміріңді құтқару мүмкін емес деп есептеймін.
Екіншіден, өрт сөндірушілер материалдық құндылықты сақтап қалады. Біздің міндетіміз – тек адам өмірін құтқару емес. Қолымыздан келсе, тұрмыстық заттардың да өртке орануына жол бермейміз. Себебі тілсіз жаумен айқасу біздің басты міндетіміз. Тіпті әр минуттың маңызы зор. Менің ойымша, ол төзімділік пен батылдықты талап етеді. И.Бродский айтқандай, «Әлемді құтқару мүмкін емес, дегенмен адамға пайда әкелуге толық мүмкіндік бар», яғни бұл мамандықтың адам баласына берері көп деп ойлаймын.
Үшіншіден, өрт сөндірушілер табиғи өрттің алдын алады. Жер бетіндегі ормандар мен алаңдарда өрт болу қаупі жоғары. Статистикалық мәліметтерге қарасам, оның шығу себебі 70% адамдардың өзіне байланысты екен. Апат айтып келмейді. Дегенмен, адамзат баласының табиғатсыз күні жоқ. Сол себепті барлық қауіпсіздік шараларын сақтап, табиғатқа зиян келтірмеуге тырысу керек деп ойлаймын. Сонда ғана өмір мен өлім арасында жүретін біздің еңбегіміз ақталатыны сөзсіз.
Сөзімнің қорытындысында тіс дәрігері бола тұра, өрт өндіруші мамандығын таңдағаныма өкінбейтінімді айтқым келеді. Мен үшін бұл үлкен мүмкіндік әрі абырой. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін нағыз ерлердің жұмысын жаныма серік еткеніме қуанамын. Әсіресе, бойымдағы қайсарлық пен рухымның биіктігі адамзатқа пайдасын тигізіп жатса, өмірлік мақсатымның орындалғаны деп білемін».
Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметі