ҚР ТЖМ елімізде болған өрттермен күресу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді

ҚР ТЖМ елімізде болған өрттермен күресу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді

2022 жылғы 7 қыркүйекте ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Титов Д.А., басқарма бастығы Төрегелдиев Е.А., басқарма бастығының орынбасары Мәдиев Т.С. қатысуымен брифинг өтті. Брифинг тақырыбы «Елімізде болған өрттермен күресуде қабылданып жатқан шаралар туралы».

Төраға орынбасары атап өткендей, табиғи өрттердің алдын алу және оларды жою азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басты бағыттарының бірі болып табылады.

Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, өрт қауіпті кезең басталғаннан бері 659 орман және 74 дала өрттері, 2 181 дала жанулары тіркелді. Жанудың жалпы ауданы 131 мың гектарды құрады.

Мәселен, 2 қыркүйекте Қостанай облысының Басаман және Семиозер орман шаруашылықтарының аумағында ағаштар (көктерек, қарағай) мен құрғақ шөптер өртенді. Өрт шыққан сәттен бастап жалпы ауданы 43 мың га (орман шаруашылығының жалпы ауданы 107 257 га) құрады. Алдын ала бағалау бойынша төтенше жағдай нәтижесінде 91 тұрғын үй отпен жойылды, оның ішінде Аманқарағай ауылында - 85 және Озерный ауылында - 6. Өрт басталғаннан бері барлығы 2091 адам эвакуацияланды. Өрт кезінде 12 адам зардап шекті, барлығына медициналық көмек көрсетілді, қазіргі уақытта барлығы үйлеріне жіберілді. Өкінішке орай, Аманқарағай ауылындағы үйінділерін талдау кезінде тұрғын үйлердің бірінен 1935 жылы туған азаматтың мәйіті табылды.

     Қазір учаскелерде 207 бірлік техника, 5 өрт сөндіру пойызы, 1785 адам жұмыс жүргізуде. Су ағызу құрылғылары бар тікұшақтар  әуеден 272 рет су шашты.

Жедел штаб жұмысы басталғаннан бері ТЖМ жедел желісіне ақпараттық сипаттағы 37 қоңырау келіп түсті. Психологтармен психологиялық көмек көрсетіледі.

2022 жылғы 7 қыркүйекте сағат 15.00-де Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы  табиғи өрт ауыздықталды. Жалындап жанып жатқан учаскелер жоқ, қалдық от ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдарының аумақтарында қарауылдау жұмыстары ұйымдастырылды.

Қостанай облысында орман өрттері фактілері бойынша Ішкі істер органдары Қылмыстық кодекстің 341-бабы (ормандарды жою немесе бүлдіру), 204-бабы 2-бөлігі (бөтен адамның мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру) бойынша қылмыстық істер қозғады.

Қостанай облысы әкімінің 2022 жылғы 5 қыркүйектегі шешімімен Әулиекөл және Қарасу аудандарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды және ҚР Әділет министрлігінде тіркелді.

Қостанай облысының әкімдігі халыққа келтірілген зиянды анықтау, соның ішінде зардап шеккендердің санын анықтау, құқық белгілейтін құжаттарды жинау бойынша жұмыс жүргізуде, объектілерге техникалық тексеру жүргізілді.

Қазіргі уақытта ТЖМ «Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы» Үкімет қаулысының жобасын әзірледі, онда жоғарыда көрсетілген соманы жаңа тұрғын үйлер салуға және инженерлік желілер жүргізуге бөлу көзделген. Қазіргі уақытта қаулы жобасы мүдделі мемлекеттік органдардың келісуінде жатыр.

Бұдан өзге, бүгінгі күні еліміздің басқа өңірлерінде 10 табиғи өрт пен жануды сөндіру жүргізіліп жатқанын атап өту қажет: Шығыс Қазақстан облысы-4; Қарағанды облысы – 4; Абай – 2; Жетісу – 1.

Мәселен, 5 қыркүйекте Марқакөл орман шаруашылығы аумағындағы Төсқайың ауылынан 10 км жерде шөптер, бұталар мен ағаштар жанып жатыр. Қазіргі уақытта өртті сөндіру қиын таулы жерлермен күрделенген (өрт орнынан Қытай шекарасына дейінгі қашықтық – 50 км).Өрттің алдын ала көлемі 300 гектар (оның ішінде орман аймағында бұта, құрғақ шөп, қылқан жапырақты ағаштар шамамен 150 га). Елді мекендерге қауіп жоқ. Өрт орнында жедел штаб құрылды. Өртті сөндіру және жеке құрамды қолжетімсіз жерлерге жеткізу үшін су құю құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы (ШҚО ПӘ), өрт орнын аэуризуалды тексеру үшін Еурокоптер тікұшағы (ҚР ТЖМ Қазавиақұтқару) жұмылдырылды.

6 қыркүйек күні кешке (18 сағат 58 минутта) Алматы қаласының тау баурайында жалпы ауданы 3 га құрғақ өсімдіктер өртенді. Жергілікті жердің күрделі рельефіне, желдің күшеюіне және тәуліктің қараңғы уақытына қарамастан өрт сөндіру бөлімшелерінің жедел іс-қимылдарымен оттың қарау алаңына және «Көк төбе» саябағына таралуына жол берілген жоқ. 20 сағат 22 минутта өртті оқшаулауға қол жеткізілді, ал 20 сағат 32 минутта өрт толықтай сөндірілді. Табиғи өрттердің себептерін талдау көрсеткендей, жанудың тек 43% - ы табиғи құбылыстардан, найзағай разрядтарынан туындаған, ал 50% - дан астамы адам қызметінің нәтижесі болды.

Табиғи өрттердің туындау қаупін төмендету мақсатында азаматтардан өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды сұраймыз:

- жанып тұрған сіріңке мен темекі тұқылын тастауға жол бермеу;

- орман және дала алқаптарында от жағуға жол бермеу;

- табиғатта аясында демалғаннан кейін шыны ыдыстарды өзіңізбен бірге алып кету керек, өйткені күн сәулесі әйнектен өтіп, құрғақ шөпті шоғырландырып, өртеп жіберуі мүмкін;

 өсімдіктерден тазарту және минералданған жолақтарды қалпына келтіру бойынша іс-шаралар жүргізу;

- табиғи өрттер туындаған жағдайда дереу 101, 112 телефондары бойынша өртке қарсы қызметке хабарлау қажет.

Рұқсатсыз жағу, құрғақ шөпті бақылаусыз жандыру үшін ауыл шаруашылығы алқаптарында, орылған жерлерді өртеу және орман және дала алқаптарында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 336, 367, 410-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі