Жаңақорған ауданы №10 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі азаматтық қорғау старшинасы Байзақов Қуаныш 1981 жылы 25 тамызда Қызылорда облысы Жаңақорған ауылында дүниеге келді. Жаңақорған кентіндегі № 125 орта мектепті бітіргеннен кейін, ол автомектепке түсіп, жүргізуші куәлігін алып, 2000 жылы көктемде әскери борышын өтеуге кетті. Сарыағаш ауданы Черняевка қаласында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жылдам қимылдайтын батальонының 32039 әскери бөлімшесінде екі жыл қызмет етуі оны шыңдай түсіп, дене дайындығы мен рухани танымын арттырып, Отанымыздың нағыз қорғаушысына айналдырды. Жылдам қимылдайтын батальонда қызмет ету Қуанышқа зор күш-қуат берді.
Қ. Байзақовтың айтуынша, ол өрт сөндіруші боламын деп ойламаған. Әскерден кейін ол әскери қызмет етуді мақсат етіп, келісім-шартқа қол қойды. Қазақ отбасында тәрбие алған ол кейін өз еліне оралды. 2003 жылы 4 ақпанда туған жеріне келгеннен кейін Жаңақорған ауданы өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші ретінде жұмысқа орналасты. Қысқа мерзімде бейімделуге және Қуаныштың өрт сөндірушісі мамандығын жақсы көруге спортқа деген қызығушылығы негіз болды.
«Алдымен мен жәй ғана байқап көрейін дедім. Әскери қызмет менің дене дайындығым мен рухани жігерімді де нығайтқан болатын, сондықтан, шабуыл сатысымен 4-ші қабатқа көтерілуді жөн шештім»,-деп өрт сөндіруші өз естеліктерімен бөлісті, «бұл жеңіс пен биіктен қорқыныш арасындағы аралас сезімдерді бастан кешіру еді»,- дейді ол. «Қазір мен үшін өрт -құтқару спорты - ең әдемі әрі қызықты спорт».
Осылайша Байзақов Қуаныш Аманжолұлы өрт-құтқару спортымен айналысып, Қызылорда облысының құрама командасына енді. Он жылдан астам уақыт бойы Қызылорда облысының үздік спортшысы медалі оған бұйырды. Бүгінгі күнге дейін спортшының қоржынында 4-қабатқа шабуыл сатысымен көтерілу сайысында жеткен жетістіктері үшін иемденген ондаған мақтау қағаздары бар және олар әлі күнге үйінде сақтаулы тұр. Бұл балаларға жақсы үлгі, өйткені әкелерінің жетістіктеріне қарап, балалар биікке ұмтылып, өмірдегі мақсаттарына қол жеткізеді. 38 жастағы спортшы «атұстар» ұл мен 4 қыз тәрбиелеп отыр.
«Қуаныш - өте жарқын, мейірімді адам. Жарыс алдында оптимизм мен зор сенімге жетелей отырып, жыл сайын өрт сөндіру-құтқару спорты жарыстарында біздің команда бірінші орынды иеленуде және ол біздің қуат берушімізге айналып келеді, - дейді Жаңақорған ауданы өрт сөндіру бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Мақсұт Нысанбеков.
Көптеген өрт сөндірушілер қанша адамның өмірін құтқарып қалғанын санамайды және кейде кейбір өрттерді ұмытып та қалады. Дегенмен әр қайсысының есінде ұмытылмайтын оқиғалы сәттер мен әңгімелер де бар. Сондай өрттің бірі - Қуаныш Байзақовтың жұмыстан тыс уақытында сөндіруге мәжбүр болған өрт оқиғасы болатын. – Жолда кездейсоқ «фургон» көлігі жанып жатқан кезде, автокөлік жүргізушісінің бақытына орай, жанынан өтіп бара жатқан Қуаныш тоқтап, қолдағы бар құралдарымен қызыл жалынмен арпалысып, өртті сөндіріп алады. Өртті сөндіріп болған соң, автокөлік иесі темекі шегіп, автокөлік салонының терезесінен лақтыруы салдарынан өрттің орын алғандығын айтқан екен.
Көліктің кузовында бірнеше миллион теңгенің өнімі болыпты. Сол себептен автокөліктің жүргізушісі құнды дүниесін өрттен аман алып қалған Қуанышқа әлемдегі барлық жақсылықтарды тілеп, қайта-қайта алғыс жаудырған екен.
Өрт сөндіруші - нағыз ерлердің мамандығы. Ал, Жаңақорған ауданы №10 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі азаматтық қорғау старшинасы Байзақов Қуаныштың өмірлік ұстанымы - рухани жігерлі, жаны спортты сүйетін, өзін-өзі үнемі дамытып отыратын нағыз азамат атану.