Қазақстан Түркияға бауырластық көмек көрсетуде

Қазақстан Түркияға бауырластық көмек көрсетуде

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі суағар құрылғылары бар «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 АМТ 2 тікұшағын және құрамында 16 құтқарушы бар жедел тобын орман өрттерін сөндіруге көмек көрсету үшін Түркия Республикасына жіберді. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.

Қазақстандық тікұшақтар бүгін ұшып шықты және үш мемлекетте тоқтап, олардың шекарасы арқылы Түркияның Мұғла қаласына ұшып жетеді. Жедел топты Нұр-Сұлтан қаласының әуежайында ҚР ТЖМ бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев шығарып салды. Біздің құтқарушыларымыздың жергілікті түрік билігімен өзара іс-қимылын ҚР-дың Түркиядағы Елшілігі үйлестіреді.

Сондай-ақ, Қазақстан өртенген аумақтардағы орман жамылғысын қалпына келтіруге гуманитарлық көмек көрсетуге ниетті. Отырғызылған орман қазақ және түрік халықтарының арасындағы достық пен бауырластық байланыстардың символы болады.

 

 

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі