Бүгін Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Өнеркәсіптік кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы баяндама жасады.
Юрий Ильин атап өткендей, министрлік 230 мыңнан астам қауіпті өндірістік объектілерді (жерасты кеніштері мен көмір шахталары, карьерлер мен разрездер, металлургия, химия және мұнай өңдеу зауыттары, магистральдық құбырлар, газбен жабдықтау жүйелері және т. б.) қамтитын 9 157 өнеркәсіптік кәсіпорынға мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырады. Қадағалау қауіпті өндірістік объектілердің және қауіпті техникалық құрылғыларды пайдаланатын ұйымдардың қауіпсіздік талаптарын сақтауы арқылы персонал мен халыққа қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің алдын алуға бағытталған тексерулер жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
2021 жылдың 5 айында Ерекше тәртіп бойынша 418 тексеру және 271 жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Тексеру нәтижелері бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын 12 777 бұзушылық анықталды, 70 млн.теңгеден астам сомаға 505 әкімшілік айыппұл салынды. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзғаны үшін 224 объект тоқтатылды.
Бизнес үшін талаптарды қысқарту жөніндегі шаралар және қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік реттеуді әлсірету өнеркәсіптегі өндірістік тәртіп деңгейін төмендетуге және соның салдарынан авариялылық пен онымен байланысты жарақаттанудың өсуіне алғышарттар жасады.
Соңғы жылдары қауіпті өндірістік объектілерде авариялардың орта есеппен 15% – ға өсу үрдісі байқалады.
Талдау көрсеткендей, өндірісте техногендік авариялардың пайда болу қаупі бұрынғысынша жоғары деңгейде қалып отыр.
Ағымдағы жылы еліміздің қауіпті өндірістік объектілерінде 11 авария және 146 инцидент тіркелді. Апат салдарынан 5 адам зардап шекті, бір адам қайтыс болды.
Қауіпті өндірістік объектілердегі авариялардың негізгі себептері:
– жобалық шешімдерден ауытқи отырып, жұмыс өндірісін жүргізу бөлігінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуына жол берілген;
– пайдаланылатын жабдықтың жоғары моральдық және физикалық тозуы;
– жұмысшылардың төмен өндірістік және еңбек тәртібі.
Жол берілетін өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзушылықтарды қысқарту мақсатында тексеру қорытындылары бойынша инспекторлар жедел ден қою шараларын қабылдайды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалады, нұсқамалар жасалады, сондай-ақ аварияларға тексеру жүргізіледі.
Ескірген, моральдық және табиғи тозған жабдықтарды пайдаланудан біртіндеп шығару бөлігіндегі мәселелерді шешу мақсатында қадағалаудағы кәсіпорындармен бірлесіп, жыл сайын қауіпті өндірістік объектіні техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспары әзірленеді, оның шеңберінде ағымдағы жылға 2 196 жабдықты (2 070 техникалық құрылғы және 126 технологиялық желі) ауыстыру жоспарланған.
Өндірістік және еңбек тәртібін арттыру мақсатында инспекторлар түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Сондай-ақ, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Ағымдағы жылдың 1 сәуірінде «Өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды, оның шеңберінде 41 нормативтік-құқықтық актіні бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде, оларды іске асыру қауіпті өндірістік объектілердегі жұмысшылардың өндірістік және еңбек тәртібін жақсартуға, азаматтардың қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінен қорғалу деңгейін арттыруға және авария салдарынан үшінші тұлғаларға зиян келтіру ықтималдығын азайтуға мүмкіндік береді.
Тұтастай алғанда, қойылған мақсаттар мен міндеттерді іске асыру өнеркәсіптік объектілерде авариялардың туындау тәуекелін дәйекті азайтуды қамтамасыз етуге, мемлекеттік реттеу әдістерін жетілдіруге, қауіпсіздікті қамтамасыз ету инфрақұрылымын дамыту үшін құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметі