Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары екі туристке Мыңжылқы шатқалындағы жартастан түсуге көмектесті

Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары екі туристке Мыңжылқы шатқалындағы  жартастан  түсуге көмектесті

2 мамырда Республикалық жедел-құтқару жасағына Мыңжылқы шатқалындағы Бастионға (жартас) қарама-қарсы жартасқа көтеріліп,   туристердің өздігінен түсе алмай жатқаны туралы ақпарат келіп түсті.  

Оқиға орнына РЖҚЖ жедел тобы шықты. Жедел көлікпен шатқалға жеткен құтқарушыла, зардап шеккендерді бірден көрді. Олар 50 градус көлбеудегі жартаста, шамамен 3500 метр биіктікте болды. Сондай-ақ, оқиға орнына Алматы қаласының құтқару қызметінің қызметкерлері де келді.

Оларға жету  өте қиын болды. Жартастардан жылғалар ағып, үлкен тастар домалап, кей жерлерде қар мен мұз жатты.

РЖҚЖ құтқарушылары АҚҚ құтқарушыларымен бірге зардап шеккендерге көтерілді. Туристтер Шығыс Қазақстан облысынан келген қыз бен жігіт болып шықты. Екеуі де қатты шаршаған, қызда тау ауруының белгілері байқалды. Жастардың киімдері таудағы серуенге  арналмаған.

Екі жедел қызметтің құтқарушылары альпинистік жабдықтардың көмегімен, барлық кедергілерді жеңіп, жастарды арқанмен түсірді. Содан кейін РЖҚЖ құтқарушылары өткел ұйымдастырып, зардап шеккендерді тау өзені арқылы өткелмен көшірді.

РЖҚЖ құтқарушылары жедел көлікпен туристерді қаладағы қауіпсіз жерге жеткізді.

Республикалық жедел-құтқару жасағы ескертеді! Егер сіз таудағы серуенге жиналған болсаңыз, бейтаныс бағыт бойынша жүрмеңіз, өз күшіңізді есептеңіз. Ыңғайлы киім және арнайы аяқ киіміңіз болуы керек. Есіңізде болсын, таулы жер өте қауіпті!

 

«ҚР ТЖМ РЖҚЖ» ММ баспасөз қызметі