Түркістан облысының құтқарушылары жоғалған жеті адамды іздестіруде

Түркістан облысының құтқарушылары жоғалған  жеті адамды іздестіруде

Түркістан облысының құтқарушылары Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жоғалған 7 адамды іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Олардың жоғалғаны туралы хабарлама 112 пультіне 2021 жылғы 25 мамырда сағат 18:30-да келіп түсті. 21 мамырда туристер «Сары-Айғыр» шатқалына жаяу бет алды. Құтқарушыларға хабарласқан адамның айтуынша, олар 24 мамырда үйге  оралуы керек еді. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.

Өткен тәулікте іздестіру топтары 37 шақырымға жуық таулы аймақты жаяу аралады. Екі пилотсыз ұшу аппараты арқылы 4 шақырым радиуста ұшу жүргізілді.

Іздестіру жұмыстарына Түркістан облысы ТЖ департаментіің 25 құтқарушысы, 2 квадракоптері және 7 техникасы жұмылдырылды. Сондай-ақ, полиция департаментінің 4 қызметкері мен 1 техникасы, жергілікті атқарушы органдардың 2 қызметкері мен 1 техникасы, ҰҚК Шекара қызметінің 3 ат патрулі, ұлттық парктің 10 қызметкері мен жоғалғандардың туыстары іздестіруге атсалысуда.

Ауа райының қолайсыздығына (тұман, ала бұлт, таулы жерлердегі найзағай) байланысты «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағын Шымкент қаласынан әуеге көтеру мүмкін емес.

 

 

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі